Павлодар әуежайында мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігі бар
Десе де 20 қазанда FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Павлодар – Алматы бағытындағы FS-7131 рейсі белгіленген тәртіппен мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермеген қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты сапарды тоқтатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әуе кемесі Алматы әуежайынан ұшып шыққанымен, кейін метеорологиялық жағдай айтарлықтай нашарлап, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетті. Бұл қажетті ұшу алдындағы рәсімдерді орындауға әсер етті. Атап айтқанда, желдің жылдамдығы 15 м/с және одан жоғары болған кезде биіктікте жұмыс жүргізуге тыйым салынады. Қалыптасқан жағдайда персоналдың қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып, әуе кемесін мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады.
– Сонымен қатар, Павлодар қаласының әуежайы әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге қажетті техникалық мүмкіндікке ие екенін атап өтеміз. Рейсті тоқтату туралы шешім тек қауіпсіздік талаптарына байланысты қабылданды. Қалыптасқан метеорологиялық жағдайда әуе кемесін қажетті мұздануға қарсы өңдеуден өткізбей ұшуды орындауға жол берілмейді, – делінген хабарламада.
Жолаушылардың, экипаждың және жер үстіндегі персоналының қауіпсіздігі – басты назарда.
Еске сала кетейік, FlyArystan әуе компаниясы Павлодар әуежайында әуе кемесін мұздануға қарсы өңдеу жасаудың мүмкіндігінің болмауы себеп болды деген болатын.