Павлодар қаласында көпжылдық гүлдерді қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасуда
Мердігер ұйым арнайы агротехникалық шараларды қолға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл шаһарда жалпы аумағы 5 мың шаршы метрге жуық жерге көпжылдық гүлдер отырғызылған. Олардың қатарында раушан гүлдері бар. Гүлзарлар Толстой мен Назарбаев, Естай мен Малайсары батыр көшелерінің қиылысында, «Айманов» аялдамасы маңында, Конституция саябағында, А. П. Чехов атындағы театр жанында және Жеңіс саябағында орналасқан.
– Қазір бұталарды кесу, қураған өсімдік қалдықтарын жинау және түптерін органикалық топырақпен көму жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, әр бұтаның түбіне арнайы қорғаныш топырақ үйіндісі жасалады. Бұл өсімдіктің тамыр мойны мен сабақтарының төменгі бөлігін қатты аяздан қорғауға мүмкіндік береді, - деді Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – тамыр жүйесінің үсіп кетуіне жол бермей, өсімдіктердің қалыпты тіршілігін сақтау. Осылайша, көктемде гүлдердің қайта жайқалып өсуіне жағдай жасалмақ.