Павлодардағы кинотеатрға Шәкен Аймановтың есімі қайтарылды

Павлодардағы кинотеатрға Шәкен Аймановтың есімі қайтарылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көрнекті актер әрі режиссер, ұлттық кинематографияның негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың есімі кинотеатрға қайта беру сұрағы бірнеше рет көтерілген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мәдени орталық 20 жылдан астам уақыт бойы «Ш.Айманов кинотеатры» атауымен жұмыс істеп келді.

2026 жылдың тамызында кинотеатрдың маңдайшасынан Шәкен Аймановтың есімі алынып, оның орнына жаңа бренд орнатылған. Бұл шешім қала тұрғындары мен мәдениет өкілдерінің сынына ұшырады. Өңір жұртшылығы ұлттық кино өнерінің көрнекті өкілінің есімін мәдени нысанда сақтап қалуды сұрады.  

Павлодар жұртшылығы мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұсынысы нәтижесінде кинотеатрға Шәкен Аймановтың есімін қайтару туралы шешім қабылданғанын күні кеше басқарма басшысы Медет Тауасқан хабарлады. 

– Көрнекті актер, режиссер, ұлттық кинематографияның негізін қалаушылардың бірі Шәкен Аймановтың есімі кинотеатрға қайта оралды. Ғимараттың меншік иесіне ұсынысымызды қабыл алғаны үшін зор алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Айта кетейік, Шәкен Айманов 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол қазақ театры мен кино өнерінің дамуына зор үлес қосып, «Тақиялы періште», «Алдар көсе», «Атаманның ақыры» секілді танымал фильмдерді түсірді. Оның есімі Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясына да берілген.