Павлодар өңірінде отандық өндірісті дамытуға басымдық берілуде

Павлодар өңірінде отандық өндірісті дамытуға басымдық берілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізіліп, олардың ішкі нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту көзделіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінде осы бағыттағы маңызды құралдардың бірі – қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі. Ол жергілікті кәсіпорындарға мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуға, ірі компаниялармен өндірістік байланыс орнатуға және өз өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Павлодар облысы өнеркәсіптік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналады. Мұнда ірі жүйе құраушы кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті өндірушілерді өндірістік тізбекке тарту жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді.

Нәтижесінде бүгінде жүйе құраушы кәсіпорындар қажетті өнімнің 40 пайыздан астамын ішкі нарықтан сатып алады. Бұл павлодарлық кәсіпкерлер үшін тұрақты сұраныс қалыптастырып, ірі кәсіпорындармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға жол ашады.

Жаңа мүмкіндіктер «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы мен Екібастұз экономикалық аймағында да қалыптасып отыр. Мұнда жаңа өндіріс орындары іске қосылып, материалдарға, жабдықтарға, қосалқы бөлшектерге және түрлі қызметтерге сұраныс артуда. Осылайша ірі өндіріс орындарының айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өзара байланысқан тізбегі қалыптасып келеді.

Алайда жергілікті өндірісті дамыту тек өнеркәсіптік кооперациямен шектелмейді. Павлодарлық кәсіпорындар шығаратын өнімнің ішкі нарықта, соның ішінде сауда орындарының сөрелерінде кеңінен ұсынылуы да маңызды.

Осы мәселе Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен кездесуде талқыланды. Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті азық-түлік өндірушілерінің сауда желілеріне шығу барысында кездесетін қиындықтарын ортаға салды.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті өнім өндірушілер отандық компаниялармен қатар импорттық тауарлармен де бәсекеге түседі. Бұл ретте шетелдік өндірушілер өз елдерінде субсидиялау, жеңілдетілген қаржыландыру және өндірістік инфрақұрылым сияқты түрлі қолдау шараларын пайдалана алады.

«МолКом Павлодар» ЖШС директоры Виталий Михайлов сауда желілеріне жаңа өнім шығаруда бірқатар коммерциялық талаптар бар екенін атап өтті.

– Жаңа өнімді нарыққа шығару кезінде өндірушілер тауарды сөреге орналастыруда және қосымша коммерциялық шарттарға байланысты қиындықтарға тап болады. Шағын кәсіпорындар үшін мұндай талаптар елеулі кедергі болуы мүмкін, ал ірі компаниялардың бөлшек сауда желілерімен жұмыс істеу шығынын арттырады. Сондықтан отандық өнімнің сауда желілеріндегі үлесін арттырып, өндірушілерге қолайлы жағдай жасау қажет, – деді кәсіпкер.

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Айдос Шайхислам бұл мәселені шешу кешенді тәсілді талап ететінін айтты. Оның пікірінше, ішкі нарықтың импорттық өнімге тәуелділігін төмендету, тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейту және отандық өндірушілерге басымдық беру маңызды.

Бұл бағытта мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулардың да маңызы зор. Қазақстандық өндірушілерге түрлі преференциялар беріліп, ұзақ мерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімдер жасалуда. Мұндай тетіктер кәсіпорындарға өндіріс көлемін алдын ала жоспарлап, айналым қаражатын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жұмыстардың ауқымын «Самұрық-Қазына» қорының көрсеткіштері де аңғартады. 2025 жылы қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі екі есеге өсіп, 2,2 триллион теңгеге жеткен. Қордың сатып алу жүйесінде отандық өндірушілер мен шағын және орта бизнеске арналған 16 қолдау шарасы қарастырылған.

Олардың қатарында қазақстандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алу, қамтамасыз етудің кейбір түрлерінен босату, отандық өндірушілерге 30 пайызға дейін аванс беру және жеткізілген өнім үшін төлем мерзімдерін қысқарту сияқты тетіктер бар.

Павлодар облысы үшін мұндай қолдау шараларының маңызы зор. Өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті жоғары болғандықтан, жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, өз өнімдерін ішкі нарыққа шығаруына мүмкіндік жеткілікті.

Жергілікті өндірушілердің ірі кәсіпорындармен байланысын күшейту және павлодарлық өнімнің сауда орындарындағы үлесін арттыру – өңір экономикасын дамытуға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.