Павлодар облысында шыбын-шіркеймен күрес басталды
Масаға қарсы авиаөңдеу аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстағы энтомологиялық жағдай талқыланды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева айтып өткендей, авиаөңдеу 90-проценттік тиімділік көрсетті. Алайда, масаның екінші және үшінші генерациясын бақылау жалғасады.
- Келесі кезеңде Ертіс өзенін өңдейміз. Кеше шыбын-шіркейге қарсы күрес басталды. Аққулы ауданының Бесқарағай ауылынан Тереңкөл ауданындағы Жаңабет ауылына дейінгі сегіз нүкте анықталды, - дейді Айгерім Қабылтаева.
Ертіс бойында төрт баржа мен бес моторлы қайық жұмыс істейді. Өзеннің 1130 шақырымында 167 мың литр биопрепарат суспензиясы төгілетін болады.
Шыбын-шіркейдің Павлодарға дендеп кіруіне қарсы Теплая және Белая өзендері өңделді. 12 мамырда облыс орталығы ішінде барьерлік өңдеу басталды: саябақ, аулаішілік аумақтар мен саяжай учаскелері. Күн сайын теміржол көпірінен Усолка өзеніне дейінгі өзен жағалауы өңдеуден өтеді.
Биология ғылымдарының докторы Қанат Ахметов айтып өткендей, белсенді күрестің арқасында шыбын-шіркейдің саны жыл сайын кемуде. Мысалы, 2001 жылы олардың саны судың әрбір дециметріне 6 000 дернәсіл болса, қазір небары 800.
Шыбын-шіркей мен масаға қарсы күрес шамамен бір ай көлемінде жалғасады.
Фото: Константин Шелков