Рышат Әміренов: Жолдау жұмысшы мамандықтардың беделін одан сайын арттыра түседі

Рышат Әміренов: Жолдау жұмысшы мамандықтардың беделін одан сайын арттыра түседі
Фото Рышат Әміреновтің жеке мұрағатынан

Қазақстанның Еңбек ері Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауы еңбек адамдарының жұмысын мойындауға бағытталған тағы бір нық қадамдардың бірі екеніне сенімді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz агенттігінің тілшісі.

«Шахтер даңқы» белгісінің толық кавалері Рышат Әміренов  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікірімен бөлісті.

Рышат Әміреновтің айтуынша, Президент жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып, оны басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті.

– Бұл сөздер мен үшін ерекше мәнге ие, себебі өзім жұмысшы әулетінен шыққанмын. «Шығыс» кенішінде 37 жыл еңбек еттім. Менің жолымды екі ұлым, екі қызым және күйеу балаларым жалғастырып келеді. Президент дұрыс айтты: жаман жұмыс болмайды, әр адал еңбек маңызды. Алайда, жұмысшы мамандықтарының қадірі төмендегенде, бұл жеке адамға да, елге де пайда әкелмейді. Мемлекет адамдардың өндіріс саласына, нақты экономика секторына жұмыс істеуге ұмтылатындай жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандардың беделін арттыру мен еңбекақысын лайықты деңгейде қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бұл бағытта оң өзгерістер болатынына сенемін, – деді Рышат Әміренов.

Ол сондай-ақ технология мен ғылым қарқынды дамып жатқан заманда цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

– Президент өз сөзінде былай деді: «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн». Дегенмен, бұл саланың дамуы жұмысшы мамандықтарының жойылатынын немесе маңызын жоғалтатынын білдірмейді. Адам еңбегі цифрландыру дәуірінде де әрдайым құнды болады, – деп өз пікірін білдірді спикер.

Еске сала кетейік, 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланған.