Павлодарлық кәсіпкерлер үшін жаңа қаржыландыру мүмкіндіктері ашылды
«Даму» қоры субсидияланатын салалар қатарын кеңейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау тетіктері кеңейіп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында субсидияланатын қызмет түрлерінің қатарына алты жаңа бағыттың қосылғанын хабарлады.
Бұл туралы «Даму» қорының Павлодар облысы бойынша өңірлік филиалының бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мадина Баденова мәлімдеді.
Жаңа бағыттардың қатарында жүк тасымалы, көлік және қоймалау саласы, білім беру қызметтері, денсаулық сақтау және стоматология, машиналар мен жабдықтарды жөндеу, сондай-ақ қоғамдық тамақтану саласы бар.
Маманның айтуынша, бұл өзгеріс өңірдегі кәсіпкерлерге өз жобаларын дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Әсіресе қоғамдық тамақтану саласының бағдарламаға енгізілуі маңызды қадам болмақ. Бұған дейін бұл бағыт субсидиялау тетігіне кірмеген.
– Қазір қоғамдық тамақтану саласы өте өзекті. Осы бағытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік пайда болды. Сонымен қатар, біз қоғамдық тамақтану саласында франчайзингті дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Бұл өңірге танымал шетелдік және отандық франшизаларды тартуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Мадина Баденова.
Бағдарлама аясында кәсіпкерлер инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға несие ала алады. «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғары сомасы – 200 миллион теңге.
Қаржыландыру кезінде кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлеме 12,6 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта банктің несие мөлшерлемесі 20,25 пайыз болса, оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Нәтижесінде кәсіпкердің қаржылық жүктемесі төмендейді.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлерге де мүмкіндік қарастырылған. Алғашқы үш жыл ішінде «Даму» қоры кепілдік беру құралын пайдалануға мүмкіндік береді. Қор кәсіпкердің банк алдындағы міндеттемесі бойынша қажетті кепілзаттың 85 пайызына дейін кепілдік ұсына алады.
Қор мамандарының айтуынша, жаңа бағыттар бойынша алғашқы жобалар қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану саласында жаңа мейрамханалар ашу бойынша жобалар іске қосылған. Кейбір нысандарда жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа мейрамханалардың кейбірі бір мезетте 300-500 адамға қызмет көрсетуге есептелген.
Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану үшін «Даму» қорының Павлодар облысы бойынша филиалына жүгіне алады. Мұнда мамандар кәсіпкерге қолайлы бағдарламаны таңдауға, қажетті құжаттарды жинауға және екінші деңгейлі банкке өтінім беруге кеңес береді.
Айта кетейік, өңірде қордың қолдау құралдарымен жалпы сомасы 850 миллиард теңгеге 5 956 кәсіпкер қамтылған.