Павлодарда әскери бөлімнің оркестрі зейнеткерлердің алдында өнер көрсетті
Қарттар күні мерекесі Ұлттық ұлан әскерінің назарынан тыс қалған жоқ, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қазан күні Павлодар облысындағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрып жатқан қарттарға құрмет көрсетілді.
Өңірлік қолбасшының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Атабек Салықбаев бастаған 6679 және 5512 әскери бөлімінің офицерлері мекемеге арнайы барды. Олар сол мекемеде тұрып жатқан қарт адамдарды атаулы мейраммен құттықтап, көңілдерін аулап, сыйлықтар тарту етті. Қариялар алдында 5512 әскери бөлімнің оркестрі өнер көрсетті.
Полковник Атабек Салықбаев Қайырбай ақсақалды 65 жасқа толған мерейлі мерекесімен құттықтап, басына тақия, иығына шапан жауып, құттықтау хатын тарту етті. Әлеуметтік мекеме әкімшілігіне қарияларға көрсеткен қамқорлығы үшін Алғыс хат табыс етті.
– Ұлттық ұлан әскері атынан сіздерді бүгінгі мейраммен құттықтаймын. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-баба мен ұрпақтар арасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан өнегелі байланыс. Халқымыз қарттарға қашан да құрметпен қараған. Әрдайым аман болыңыздар! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! – деді полковник Атабек Салықбаев.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыстағы қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемеде 240 адам тұрып жатыр. Оларлың барлығы мемлекеттің қамқорлығына алынған.