Павлодар облысында жылыжай иелері екі жыл бойы субсидия ала алмай келеді

Қиындықтар бағдарламаның техникалық ақауына байланысты туындап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста жылыжай бизнесінің өкілдері екі жыл қатарынан тыңайтқыш пен тұқымға берілетін субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Шаруалардың айтуынша, бұл заңнамалық емес, техникалық кедергіге байланысты.
– Біз екі жыл бойы өтінім бере алмай келеміз. Ережеде субсидия алу құқығымыз бар, бірақ бағдарламалардағы техникалық қателіктерге байланысты жүйе жер телімдерімізді дұрыс көрсетпейді. Жерді ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланамыз, бірақ бағдарламаның шарттары бізді өткізбеуде. Осы уақыт ішінде Жер шаруашылығы және цифрландыру департаментімен хат алмасып келеміз. Бірі «бәрі дұрыс» дейді, екіншісі – техникалық мүмкіндік жоқ деп отыр, – деді жылыжай бизнесінің өкілі Наталья Куликова.
Бұл мәселеге ҚР Егіншілік департаментінің басшысы Назгүл Хатепова жауап берді. Оның айтуынша, мәселе шынында бар және оны шешу үшін өзгерістер енгізу жоспарланған.
– Ережеде ауыл шаруашылығы жерлерімен қатар басқа да категориялар қарастырылған. Бірақ порталдағы бағдарлама жер телімінің кадастр нөмірін көрсеткенімен, ол жерде жылыжай не басқа құрылыс екенін анықтай алмайды. Бұл – үлкен тәуекел. Цифрландыру департаменті интеграция арқылы шешпек болды, бірақ нәтиже шықпады. Сондықтан біз ережеге өзгерістер енгізу процесін бастадық. Енді аймақтағы ауыл шаруашылығы басқармалары жылыжайларды реестрге енгізе алады. Егер жылыжай реестрде болса, онда субсидия алу мүмкіндігі беріледі. Жыл соңына дейін бұл өзгерістер енгізіледі, – деді ол.
Алайда шаруалар екі жыл бойы жоғалтқан субсидия мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
– Егер министрлік пен қаржы, экономика салалары қолдаса, бәлкім, өткен кезеңге де қол жеткізуге мүмкіндік болады, – деді ҚР-ның ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров.
Министрлік өкілдері бұл ұсынысты қарастыруға уәде етті.
Айта кетейік, облысқа жұмыс сапарымен ауыл шаруашылық министрі келді. Ол өңірдің қожалықтарын аралап, орақ маусымының барысымен танысты. Сонымен қатар, шаһар аграрларын алаңдатып жүрген мәселелерге жауап берді.