Павлодарда суға батып бара жатқандарды анықтайтын жүйе сынақтан өтті
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналының мәліметінше, отырыс барысында шомылу маусымында су айдындарындағы жағдайды бақылау үшін жаңа технологиялар қолданатын өңірлер аталды.
– Өткен жылы қабылданған шаралардың арқасында суға батқандар саны 6%-ға азайды. Бірқатар оң мысалдарды айтып өткім келеді. Алматы және Павлодар қалаларында жүзіп бару шекарасын байқауға және суға батып бара жатқандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін қашықтықтан мониторинг жасау жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтті, – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-Министр жағажайларда бақылау камераларын орнату және тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету мәселесін пысықтауды тапсырды.
Еске сала кетейік, биыл осындай «ақылды камералардың» арқасында Усолка өзені бойында суға батып бара жатқан адам аман қалды.