Павлодарда 7 мыңға жуық жұмыс орнын құру мүмкіндігі бар
Оған бір жарым триллионнан астам инвестиция бөлінеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін штаб кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму саласындағы инвестиция көлемі 1,7 триллион теңгені құрайтын 33 жобаны қарады. Бұл 6744 жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Өңір басшысы әрбір жобаға жекелей тоқталып, олардың экономикалық тиімділігіне егжей-тегжейлі талдау жасады. Өңдеу өнеркәсібінің, оның ішінде көлік жасау, жоғары қайта бөлу және маржасы жоғары мұнай-химия жобалары ерекше қызығушылық тудырады.
– Сіздердің міндеттеріңіз пулды анықтау және аймақ экономикасының дамуына әсер ететін «Альфа-жобаларды» толықтай сүйемелдеуді қамтамасыз ету, – деп атап өтті облыс әкімі.
Асайын Байханов инвестормен «Husmann» неміс технологиясы қолданылатын қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жобаларына, сондай-ақ, «ҮШТАҒАН GOLD» алтын кен байыту фабрикасына, қоспалар шығаруға, кеңсе және мектеп жиһаздарын, аяқ киімдерді өндіруге баса назар аударды.
Облыс әкімі әрбір инвестормен Жол карталарын әзірлеп, бекітуді тапсырды.