Павлодар облысында еңбек заңын бұзғандарға қомақты айыппұл салынды

Павлодар облысында еңбек заңын бұзғандарға қомақты айыппұл салынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Жыл басынан бері мыңнан астам өтініш қаралып, ондаған заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында облыста мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтардан түскен 1038 өтінішті қарап, еңбек заңнамасының сақталуына 154 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 154 заң бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге 82 нұсқама берілді.

Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асқар Қапановтың айтуынша, заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге екі әкімшілік ескерту жасалып, жалпы сомасы 20 миллион теңгені құрайтын 51 әкімшілік айыппұл салынды

– Жалақыны уақытылы төлемеу мәселесі мемлекеттік еңбек инспекциясының тұрақты бақылауында. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13,8 миллион теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 52 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда өңірде еңбек дауы тіркелген жоқ. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізілуде

Сондай-ақ департамент азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға басымдық беріп келеді. Бүгінде өтініштердің шамамен 80 пайызы электрондық форматта қабылданады. Жыл басынан бері еңбек заңнамасы мен еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне арналған 50 семинар-кеңес өткізіліп, тұрғындарға тұрақты түрде құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.