Жілік сындырып, үй аралап: Павлодар облысында Наурызды ерекше тойлайтын отбасылар бар
Павлодар облысындағы жанұяларда Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің ерекше дәстүрі қалыптасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халқымыз Наурыз мейрамын ел болып жаппай атап өтеді. Соның ішінде жеке отбасыларда мерекені атап өтудің жыл сайын қалыптасқан өзіндік әдеттері бар.
Мысалы, Шарбақты ауданы Хмельницкий ауылының тұрғыны Қайролла Хафиз мереке кезінде ауыл ішінде отбасылар бір-біріне қонаққа баратын дәстүр қалыптасқанын айтады.
- Халқымызда Наурыз мейрамын отбасының барлық мүшелері жиналып тойлау қалыптасқан ғой. Біздің жанұямыз да солай тойлайды. Одан бөлек, ауылымызда оннан астам отбасы жыл сайын бір-бірінің үйіне кіріп Наурыз көже ішеді. Мерекелік дастархан жайылып, қыстан қалай шыққандарын әңгіме қылып, хал сұрасады. Арасында ән де айтылып, мерекелік көңіл-күй орнайды, - дейді Қайролла Хафиз.
Ал, Ақсу ауылдық аймағындағы М. Омаров ауылының тұрғыны Оралбек Бақытхан бір көшенің тұрғындары болып бір-біріне қонаққа баратындаын атап өтті. Бір ерекшелігі жиында ер адамдар жілік сындыратын дәстүр қалыптасқан.
- WhatsApp желісінде «Көршілер» деген топ бар. Сол топта жеңгелеріміз тізім жасайды. Сол тізім бойынша біздің көшенің тұрғындары үй-үйді аралап, мерекелік дәм татады. Наурыз көжелерін ішеді. Көжемен бірге жілік асылады. Сол жілікті ер адамдар сындырып, сайысқа түседі, - деді Оралбек Бақытхан.
Оралбек Бақытханның айтуынша, ауылдарында басқа отбасыларда да Наурызды тойлаудың өзгеше дәстүрі бар. Олар бір әулеттен тараған ұрпақтар болып жиналады. Жиынға міндетті түрде ұлттық киіммен келеді және әр отбасы бір өнерін көрсетеді.
Павлодар қаласына қарасты Жаңаауыл ауылының тұрғыны Әлібек Болатбай болса, Наурыз кезінде қаладағы орталық алаңға барып тойлауды әдетке айналдырғандарын айтты.
- Наурызда міндетті түрде орталық алаңға барамыз. Киіз үйлерді аралаймыз. Өзімізге ұнайды. Өйткені онда күнделікті көзбен көре бермейтін салт-дәстүріміздегі құндылықтармен танысамыз. Мерекелік концерттер де болады, - деді Әлібек Болатбай.
Сонымен қатар, Әлібек Болатбай орталық алаңда ұйымдастырылатын спорттық шараларға үзбей қатысуға тырысатынын атап өтті.
Фото: ашық дереккөздерден