Павлодар облысында автожолдарға әуеден мониторинг жүргізілді
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында құрылған жұмыс тобы тікұшақпен әуеден шолу жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тікұшақ арқылы өңірдегі автожолдардың жай-күйіне мониторинг жүргізді.
– Әуе арқылы жүргізілген бақылау барысында автожол учаскелері мен қар құрсауына бейім аумақтар тексеріліп, қар жамылғысының жағдайы, жолдардың өткізу қабілеті және көлік қозғалысына шектеу қою қаупі бағаланды. Мониторинг нәтижелері бойынша ахуалға алдын ала баға беріліп, алынған мәліметтер қолайсыз ауа райы жағдайында алдын алу шараларын қабылдау, жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру және жедел әрекет ету үшін пайдаланылатын болады, – деді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Берік Истаев.
Ведомство мәліметінше, биыл жол-техникалық инспекция қызметкерлері жалпы қолданыстағы автожолдарға 1395 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 4 мыңға жуық ақау анықталып, оларды жою бойынша 1395 ұйғарым берілген.
– Автожолдарды қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны және жол жұмыстарын жүргізу ережелерін бұзғаны үшін 327 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 8,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деп атап өтті ведомствода.
Сонымен қатар, берілген ұйғарымдарды орындамағаны үшін 11 лауазымды және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.