Павлодарда алимент төлемеген әкелер қамауға алынды
Кәмелетке толмаған балаларын асырау міндеттемелерін орындамаған 67 борышкер бес тәулікке қамалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 138-бабының 1-тармағына сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу тәртібін ата-аналар өздері айқындайды.
Сонымен қатар, егер ата-аналардың бірі кәмелетке толмаған балаларын асырау жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда сот органы алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжат шығарады.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 125-бабына сәйкес атқарушылық құжатты орындамағаны үшін борышкер әкімшілік не қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Жауапкершілікке тарту борышкерді атқарушылық құжатта көзделген әрекеттерді орындау міндетінен босатпайды.
– Ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар облысы жеке сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттың талаптарын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 669-бабы бойынша 144 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 67 борышкер бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Ал 77 борышкерге әкімшілік айыппұл салынды, – деді заңгерлер.
Сонымен қатар, 2024 жылдың өткен кезеңінде 15 борышкер облыстың сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша кәмелетке толмаған балаларын асырау жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны үшін ҚР ҚК 139-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікке тартылды.