«Цифрлық супермаркет»: Павлодарлықтар кәсіпкерлік негіздерін тегін оқи алады

«Цифрлық супермаркет»: Павлодарлықтар кәсіпкерлік негіздерін тегін оқи алады
Фото: Константин Шелков

Skills.enbek.kz платформасында 606 онлайн курс бар,оның 271-і – тегін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлімдеді. 

– Еңбек делдалдығы қызметтерін көрсетудің барлық процесі электрондық еңбек биржасы порталы арқылы толық автоматтандырылған (enbek.kz). Оның шеңберінде Жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің «Цифрлық супермаркеті» қалыптастырылды. Бір платформада азаматтар қолда бар кәсіби дағдыларды арттырып, skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн оқыту арқылы жаңаларын ала алады, –  дейді басшы.

Сондай-ақ, аталмыш портал арқылы лайықты жұмыс табуға, «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін үйренуге және өз ісін ашу үшін грант алуға өтініш беруге болады.

Оның айтуынша, бүгінде skills.enbek.kz платформасында 1657 жұмыссыз азамат оқудан өтті.

Сонымен қатар, еңбек ресурстары дағдыларын дамыту жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу орталықтарында сұранысқа ие дағдыларды оқыту және тәлімгермен үш айға дейін жұмыс орнында оқыту және жалақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады. Ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде облыстың қалалары мен аудандарының Мансап орталықтары қысқа мерзімді оқытуға 430 адамды жолдады. Оның ішінде 303 адам аяқтады, 224 адам жұмысқа орналастырылды. 

– Қысқа мерзімді оқытудың бұл шаралары азаматтарға кейіннен жұмысқа орналасу үшін еңбек нарығында біліктілігін арттыруға және талап етілетін дағдыларды алуға мүмкіндік береді, –  дейді спикер.

2025 жылы «Жұмысшы мамандар жылы» аясында жастар арасынан шыққан адамдарды танымал және сұранысқа ие кәсіптерге оқыту бойынша «Табысқа жету дағдылары» атты жаңа жобаны іске асыру көзделуде. 

Айта кетейік, қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар тізімін құру бойынша еңбек нарығын талдау жұмыстары басталды. Жобаны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы іске асыруға жоспарланған.