Павлодарда колледж қызметкерлері студенттерге ақылы кеңес берген
Қала тұрғыны бұл туралы тиісті органдарға құпия қоңырау шалу арқылы хабарлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қоғамдық бақылау» жұмысы аясында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті қоғамдық өкілдерімен бірлесіп мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдарға мониторинг пен инспекция жүргізуді жалғастыруда.
Былтырдан бастап дәстүрлі мониторингтен бөлек, «құпия сатып алушы» телефон арқылы сөйлесу енгізілді.
Өткен жылдың желтоқсан айында қоғам белсенділерінің бірі Павлодар қаласының колледждеріне қоңырау шалған. Оның нәтижесінде облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті қызметкерлердің дұрыс емес кеңес беретінін, сондай-ақ ережеге сәйкес тегін болып табылатын мемлекеттік қызметтер үшін ақы талап ететінін анықтады.
– Павлодар медициналық колледжі мен ИнЕУ колледжінің қызметкерлері дипломдардың телнұсқаларын алу мерзімі туралы дұрыс емес ақпарат берген. Тиісінше олар мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы білмейді. Ал, Павлодар политехникалық колледжінің қызметкері дипломның телнұсқасын алу үшін кассаға 2500 теңгені талап еткен. Іс жүзінде бұл қызмет тегін екенін атап өтті,– делінген хабарламада.
Кейіннен Павлодар политехникалық төрт адам ақылы негізде мемлекеттік қызмет алғаны анықталды. Осыған байланысты қазіргі уақытта олардың ақшалай қаражатын қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.
Жоғарыдағы фактілер бойынша департамент білім басқармасына бұзушылықтарды жою және тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолдады.
Сондай-ақ аталған бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке екі колледж қызметкері тартылды.