Павлодарда Аяз ата улы газ датчиктерін орнатып жүр

Павлодарда Аяз ата улы газ датчиктерін орнатып жүр
Фото: Павлодар облыстық ТЖД

Құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шараларын еске салу үшін ерекше тәсілді қолданған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық өрт қауіпсіздігі айлығы аясында және жаңа жылдық мерекелер қарсаңында Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері Аяз ата болып киініп, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

– Басты міндет – халықты ескерту, қатты отынды қолданатын тұрғын үйлерге пештердің дұрыс жұмыс жасамауының себептерін жеткізу, жылыту жүйелерін тиісті деңгейде ұстау туралы түсіндіру жұмыстарды жүргізу, – деп  атап өтті Павлодар облысы ТЖД бастығы Рустамбек Әмірин жеке құрамға нұсқау беру барысында.

Бірлескен рейдке жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, депутаттар, полиция, «Vita» және «Қызыл Ай» іздеу жасағының еріктілері қатысты. Бірінші кезекте көп балалы, аз қамтылған отбасыларға, қарт адамдарға ерекше көңіл бөлінді.

Павлодар қаласының тұрғын үй секторындағы кең ауқымды рейд барысында ертегі кейіпкері – өрт сөндіруші Аяз ата қызметкерлермен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі шаралары туралы еске салды. Улы газ датчиктерін орнатып, датчиктерді пайдалану ерекшеліктерін түсіндірді. Сондай-ақ Ақшақармен бірге балаларға профилактикалық сипаттағы ақпараттар жазылған QR code бар жаңа жылдық сыйлықтар таратып, өртке қарсы тақырыптағы бояулар табыс етті, – деді Рустамбек Әмірин.

Сондай-ақ, жаңа жылдың басты кейіпкері қауіпсіздік шаралары мен пиротехникалық өнімдерді пайдалану ережелерін түсіндірді. 

Айта кетерлігі, департаменттің есебінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын 1 233 отбасы тұр. Ағымдағы жылы 709 көміртегі тотығы датчигі, 87 үйде пешалды металл төсемелері орнатылды. 98 үйде жылыту пешінің түтін мұржасын тазарту жұмыстары жүргізілді.