Павлодарда есірткі жарнамасына қарсы кең ауқымды акция өтті

Павлодарда есірткі жарнамасына қарсы кең ауқымды акция өтті
Фото: Павлодар сервис және тамақтану колледжінің баспасөз қызметі

Шараға полицейлер, колледж студенттері мен еріктілер бірлесіп атсалысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

8 мамыр күні өңірде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің бастамасымен есірткі заттарын насихаттайтын қабырғалық жазбаларды анықтау және жою бойынша кең ауқымды акция ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңірлік полиция департаментінің қызметкерлері, Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенттері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы «Қызыл Жарты Ай» қоғамының облыстық филиалының еріктілері қатысты.

Акцияны аталған колледждің директоры және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу кеңесі төрағасының орынбасары Гүлмира Шұғабаева ашып берді. Ол қатысушыларға есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы ескертіп, мұндай акциялардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.

Қатысушылар бояу баллондарын пайдаланып, тұрғын үйлердің аулалары мен қабырғаларындағы тыйым салынған жарнамалар мен QR-кодтарды жойды. Рейд барысында ондаған нысан тазартылып, қоғамдық кеңістіктер визуалды ластанудан арылды.