«Солақай сері»: Айтыста бағымның жануы Павлодар өңірімен байланысты

«Солақай сері»: Айтыста бағымның жануы Павлодар өңірімен байланысты
Фото: Мақсат Көлтайұлы

Серік Құсанбаев  60 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында өткен кешке өзге өңірлерден танымал тұлғалар келді. Серік Құсанбаев – Ертіс-Баян өңіріне танымал сөз зергері, аймақ намысын талай жыр додаларында абыроймен қорғаған айтыскер ақын, жыршы, журналист, республиканың мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жыр жәрмеңкесінде «Солақай сері» атанған. 

– Айтыста бағымның жануы да тікелей Павлодар өңірімен байланысты. Өнер жолына дейін негізі спортшы болған едім. Кейін терме айта бастадым. Уақыт өте келе Ертіс-Баянның жалауын дүбірлі додаларда таныттым, – дейді ақын Серік Құсанбаев. 

Айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын, депутат, профессор Аманжол Әлтаев, Қазақстан Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі компазитор Құдайберлі Мырзабек, Астана қаласының жазушылар Одағы филалының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, филология ғылымдарының докторы, мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов  кештің құрметті қонақтары болды. 

Шараның шымылдығын «солақай сері» павлодарлықтарға арнаған жырымен бастап, алғысын айтты. Баянауыл ауданының тумасы, «алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев ақынға арнау айтып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өңірдің жас буын ақындары сахнада ақын өлеңдерін оқыды. 

Айта кету керек, айтыскер ақын Павлодар өңірінің атын қорғап 13 бас жүлдеге ие болған. Соңғы рет 2019 жылы Петропавл қаласында өткен ақындар айтысында жүзден жүйрік атанған.