Павлодарда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы азаймай тұр
Жыл басынан бері 30-дан астам бала түрлі жарақат алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық полицейлер мектептердің жанындағы жолдарда қауіпсіздік шараларын күшейтуді қолға алды. Себебі балалар жарақаттануының алдын алу, сондай-ақ білім беру ұйымдарына жақын жолдарда жол-көлік оқиғаларының өсуін төмендету мақсатында мектептердің жанында патрульдік полиция инспекторлары кезекшілік етуде.
– Жыл басынан бері облыс жолдарында балалардың қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан кәмелетке толмаған бір бала қаза тауып, 32 бала түрлі жарақат алды. Сонымен қатар ең кішкентай оқушылар – жаяу жүргіншілермен профилактикалық әңгімелер жүргізуде, – деді Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бәкібай Ахмедьянов.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларымен жолдағы қауіпсіздік тақырыбында жиі әңгімелесуге, өскелең ұрпаққа жол қозғалысы ережелерін үйретуге, жолды, қиылысты қалай қауіпсіз кесіп өту керектігін және қоғамдық көлікте өзін дұрыс ұстауды түсіндіруге шақырады.
– Бала жолды тек жасыл бағдаршам жанғанда және тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өтуді есте жақсы сақтауы керек. Жолда немесе жүріс бөлігінің жанында ойнауға қатаң тыйым салынады. Егер доп немесе ойыншық жолға домалап кетсе – ересек адамды шақыру қажет, өзі жүгіріп шықпау керек. Аула ішінде де мұқият болу маңызды, себебі автокөліктер гараждардан немесе тұрақтардан күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін, – дейді ведомство өкілі.
Қазіргі таңда инспекторлар жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібін қадағалап, жылдамдықты төмендету, жолда балалардың кенеттен пайда болуына дайын болу, жаяу жүргіншілерге жол бермеген жағдайда жауапкершілік бар екенін еске салады.