Эко-туризм: Шарбақты ауданындағы мавзолейге жеті мыңнан астам турист келген
«Ертіс орманы» резерваты аумағында 12 туристік маршрут бекітілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Туризм және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы Гүлнар Нұрұмованың айтуынша, оның ішінде төртеуі зиярат ету сипатында: «Ғабдұл Уахит хазірет» кесенесі, «Қасиетті Мерғалым ата» кешені, «Имам Мәди», «Сары бәйбіше» және «Шоғман қожа». Бұл маршруттар «Бесқарағайдың алтын шеңбері» жобасына кіреді және зиярат ету сипатындағы жоба-тур «Ертіс орманы» резерватының визиттік карточкасы болып саналады.
– Биылғы жылдың маусым айында №7 «Қасиетті Мерғалым ата» туристік маршрутында Мерғалым атаның кешені – бейіт және қонақ үй ашылды. Қалған сегіз маршрут спорттық, сауықтыру және танымдық сипатта. Оның ішінде туристер аббаттандырылған үш маршрутты аралай алады: «Өз өлкеңді таны», «Ертегіге саяхат», «Лешканың соқпағы», – дейді Гүлнар Нұрұмова.
Жыл сайын туристік маршруттарға келушілер саны артуда. Келушілердің басым бөлігі – зиярат етушілер. «Ғабдул Уахит хазірет» қажылық сипатындағы туристік бағыты 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Туристік бағыт Шарбақты ауданы Шалдай филиалының Садықшы орманшылығының аумағында орналасқан.
– Биылғы жылы Ғабдул Уахит хазірет кесенесі маршруттарына жеті мыңнан астам турист келді. Бағыт орман екпелерінің құрамы ерекше және өзінің әсемдігімен, экологиялық таза ауасымен ерекшеленетін таспалы тоғай аумағы арқылы өтеді. Кесене аумағында түнеуге болатын жайлы үй бар. Туристерді шырақшы қарсы алып, сапар бойы бірге жүреді, – дейді Гүлнар Нұрұмова.
2018 жылы «Өз өлкеңді таны» туристік маршрутында «Қарағай алаңы» қонақ үйі ашылған. Бұл қонақ үй бұрынғы Сыдық ащы орманшылығының 1939 жылғы салынған мектеп үйінің ғимаратында орналасқан. Қонақ үйде тарихи өлкетану мұражайы, мәжіліс залы, демалыс бөлмелері мен асхана, сондай-ақ ауласында ағаш монша бар. Қонақ үй аумағында жыл сайын Шарбақты және Аққулы аудандары мектептерінің мектеп орманшылықтары арасында түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар, «Ашық есік күндері», пленэрлер, сурет көрмелері, мектеп оқушыларына арналған бейнелеу өнері бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.
– Туристердің «Ертіс орманы» табиғи резерватына деген қызығушылығы күннен-күнге артуда. Сол себепті туризм бөлімі мамандарының ағарту және түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуі маңызды. Осыған байланысты экологиялық ағарту және тиісті сәйкес штаттың болуы келушілермен қажетті қарым-қатынас атмосферасын құрудың негізі болып табылады, – дейді Гүлнар Нұрұмова.
Туризм бөлімі туған өлкенің тарихы бойынша материал жинаумен қатар туристік маршрут жобаларын әзірлейді және маршруттарды абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Жыл сайын түрлі халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық және өңірлік көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болады.
Резерват аумағында туризм инфрақұрылымын дамыту үшін платформа құру мақсатында Әлкей Марғұлан университеті жанындағы археологиялық орталық, Суретшілер одағы, Нұрмағамбетов атындағы Павлодар өнер мұражайы, «География үйі» арасында бес жақты меморандумға қол қойылған. Келісім Марғұлан орталығының ғалымдарымен – тарихшылар, этнологтар, археологтар және биологтармен бірлескен жұмыстар арқылы резерват аумағында орналасқан сақ және басқа кезеңдердің қорғандарын зерттеуге және орман өлкесінің тарихы мен этнографиясы бойынша материалдарды толықтыруға мүмкіндік береді.