Павлодарда көп қабатты тұрғын үйлердің жартысына жылу берілді
Қалған үйлер жылумен 5 қазанға дейін қамтылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы аймақ басшысы Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде айтты.
- Облыс орталығындағы 1281 көп қабатты тұрғын үйдің 682-сінде жылу бар. Қалған үйлер күн сайын кезең-кезеңімен жылуға қосылатын болады. Мәселен, аптаның соңына қарай үйлердің 85 пайызы жылумен қамтылатын болады. Ал 5 қазанға дейін қала толығымен жылуға қосылады деп ойлаймын, - деді аймақ басшысы.
Асайын Байханов алдағы уақытта ауа температурасы күндіз 10-12 градусқа дейін сақталатынын еске салып, ережеге сәйкес, жылыту маусымы сыртқы ауаның орташа температурасы үш күн ішінде 8 градустан аспаған кезде ғана берілетінін атап өтті.
Бұдан бөлек, тікелей эфир кезінде облыс әкімі тұрғындарды толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, шешім күткен мәселелердің түйінін табуды жауаптыларға тапсырды.
Мәселен, Ақтоғай ауданы, Мүткенов ауылында үш айдан бері электр қуатының дұрыс еместігін айтқан тұрғынның мәселесін шешуді аудан әкімі Қаршыға Арыновқа міндеттеді.
Ал Павлодар-Жетекші арасындағы сапасыз жолдың түйткілі келер жылы жазда назарға алынатынын атап өтті.
Эфирде қаңғыбас иттер, құлауға жақын тұрған ағаштар туралы да сөз болды.