Павлодарда ардагерлер кеңесінің мүшелерін марапаттады

Павлодарда ардагерлер кеңесінің мүшелерін марапаттады
Фото: Есенжол Исабек

Шара Естай атындағы мәдениет сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шараға облыс және қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен қонақтар қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтау сөз сөйледі.

– Сіздер – өз өмірлік тәжірибелеріңіз бен елге деген қажырлы еңбектеріңіздің арқасында жастарға өнеге, ел үшін мақтаныш болып отырсыздар. Сонымен қатар, елдің және облыстың дамуына бағытталған қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға ақыл-кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетіп, үлкен еңбек атқарып жүрсіздер, – деді ол.

Айгүл Мәлікова облыс әкімінің атынан барлық ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасылық амандық тіледі.

Облыстық мәслихат төрағася Илья Теренченко да мерейтой иелеріне жылы лебізін білдірді.

– Сіздердің еңбектеріңіз – бүгінгі тұрақты мемлекеттің іргетасы. Ардагерлер кеңесі қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуда үлкен рөл атқарып келеді. Біз әрдайым сіздердің қоғамдық бастамаларыңызды қолдап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді ол.

Сонымен қатар, ардагерлер кеңесінің шығармашылық ұжымдарының белсенді жұмысы мен көршілес өңірлермен байланысы жоғары бағаланды. Бірқатар белсенді ардагерге облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары табыс етілді.

Жетінші шағын ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Рәшит Бектеміров ұйымның қалыптасу тарихына шолу жасады.

– Біздің кеңес 1995 жылы, еліміз үшін ең қиын кезеңде құрылды. Сол уақыттан бері ардагерлер қоғамның тірегіне айналды. Қазір қалада 62 мыңнан астам зейнеткер бар, олардың барлығы кеңес жұмысына белсенді атсалысып келеді. Ардагерлерге арналған демалыс бөлмелері, бильярд, шахмат, дойбы сияқты ойын залдары ашылды, – деді ол.

Рәшит Бектеміровтің айтуынша, ардагерлер кеңесі отыз жыл ішінде өңірдің рухани және қоғамдық өмірінде маңызды орын алды. Ұйымның мақсаты – аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізу, патриоттық тәрбие беру және ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу.

Оның ішінде қалалық ардагерлер кеңесінде өнерсүйгіш ардагерлерден құралған халықтық ансамбль жұмыс істейді.

Құрамында 40-тан астам адам бар ұжым Павлодар облысының аудандарында, Ақсу мен Екібастұз қалаларында, тіпті Ресейдің Благовещенск және Қарасуық қалаларында концерт қойып, өнерлерін паш етті.

Мерейтой аясында арнайы деректі фильм, «Ардагер» газеті мен аймақтық басылымдардың шығарылымдары жарық көрді.