Павлодарда діни бірлестік өкілдері рухани тәрбие мәселелерін талқылады
Өңірде Рухани келісім күні аталып өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда 18 қазанда көпэтностық және көпконфессиялық қоғамның бірлігі мен толеранттылығын көрсететін айтулы мереке – Рухани келісім күні аталып келеді.
Бұл ретте, «Қоғамдық келісім» ғимаратының алаңында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликованың қатысуымен конфессия көшбасшыларының рухани тәрбие және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған шақырылған 20-дан астам діни бірлестік өкілі рухани тәрбие мәселелерін талқылады.
Мереке күні аясында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өңірдің діни бірлестік өкілдері католик шіркеудің аумағында қарағай көшеттерін отырғызды. «Иисус Христос» шіркеуі Павлодар қаласында аз қамтылған тұрғындар тобына 50-ден аса азық-түлік себетін таратпақ.
Қазіргі кезде облыс аумағында 13 түрлі конфессияның өкілі болып табылатын 167 діни қауымдастық пен 16 діни миссионер діни жоралғыларды белсенді жүргізеді.
– Бүгінгі әлем әр деңгейде, адамзат өмірінің әр саласына бөлінген. Біз әр діннің өкілдері ретінде, бауырлас адамдар ретінде бір-бірімізге сүйіспеншілік білдіріп, қолдау көрсетуге міндеттіміз, – деп атап өтті Рим-Католик шіркеуінің қараушысы Хлопек Лукаш Войчех.
Осы орайда, діни ұйымдардың тұрғындарға қайырымдылық көмектерін анонимді түрде тұрақты көмектесіп тұратынын атап өткен жөн.
Айта кетейік, Павлодар облысының аумағында бүгінгі таңда 109 мұсылмандар мешіті, 25 православиялық, сегіз католиктік, 21 протестанттық бағыттағы шіркеу бар. Сондай-ақ, 19 мешіт салынып жатыр.