Павлодарда өсіп тұрған және ауру ағаштарға қандай күтім жасалуда?

Павлодарда өсіп тұрған және ауру ағаштарға қандай күтім жасалуда?
Фото: автор

@Pavlodarnews.kz тілшісі ағаш кесу ісіне жауапты маманмен сұхбаттасты. 

Ағаш кесу жұмыстары үш негізгі бағытта жүргізіледі: Олар – ағаштардың денсаулығын сақтау, ауру, құрғаған немесе зақымдалған бұтақтарды алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құлау қаупі бар бұтақтарды жою, эстетикалық және ландшафтық безендіру – қаланың көркін сақтау.

–  Көбіне жапырақты ағаш түрлері – терек, үйеңкі, қараағаш кесіледі және сырланады. Терек – тез өсетін әрі ауаны жақсы тазартатын ағаш; үйеңкі – көлеңке беретін және декоративті түрге ие. Қараағаш – құрғақшылыққа төзімді әрі желден қорғайды, – деді Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы  Ернар Қайыров. 

Санитарлық кесу кезінде зиянкестерден қорғау, кескен жерін әктеу, қажет болса суару жұмыстары жүргізіледі. Кесілгеннен кейін қалған бұтақтар мен қалдықтар сол күні немесе келесі күні жиналып, мердігерлік ұйым арқылы қаланың қоқыс полигонына жеткізіледі. Қайта өңдеу немесе зауыттарға беру қарастырылмаған. Кесілген жерлер міндетті түрде боялып, әктеледі. Ағаш кесу жұмыстары ауа райының қолайлығына байланысты қазан немесе қараша айына дейін жалғасуы мүмкін дейді.

– Дауыл немесе төтенше жағдай кезінде құлаған ағаштар туралы хабарламалар «109» бірыңғай байланыс орталығы, әлеуметтік желілердегі өтініш платформалары және қаладағы мониторинг арқылы қабылданады, – деді Ернар Қайыров. 

Бас маманның айтуынша, апатты ағаштар – қырық бес градустан артық еңкейген, саңырауқұлақ өскен, тамыры шыққан немесе кеуіп кеткен ағаштар болып саналады. Олар арнайы дрон арқылы бақыланады. 

–  Қала үш аймаққа бөлінген: солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік. Жұмыстарды бес бригада орындайды, әр бригадада бес адам бар. Техникалық жабдыққа автогидроподъемник және аударғыш жүк көліктері кіреді, деді – Ернар Қайыров. 

Күніне санитарлық кесу кезінде 20–40 ағашқа дейін өңделуі мүмкін, ал апатты ағаштарды түбінен кесу жеке есептеледі.

Оның сөзінше, уақытылы кесу және күтім ағаштардың қайтадан жайқалып өсуіне жағдай жасайды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және Павлодардың жасыл желегін сақтауға үлес қосады.