Павлодар полициясы қорғау нұсқамасының маңызын түсіндірді

Павлодар полициясы қорғау нұсқамасының маңызын түсіндірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Нұсқаманы елемегендер 30 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда қорғау нұсқамасының рөлі артып келеді. Жыл басынан бері өңірде 2880 қорғау нұсқамасы шығарылса, қазіргі уақытта 712 адам профилактикалық есепте тұр. 

– Көптеген азаматтар қорғау нұсқамасының маңызын толық түсіне бермейді. Алайда бұл – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ең тиімді құралдардың бірі. Жыл сайын шығарылатын қорғау нұсқамаларының саны артып келеді. Бұл оның тиімділігі мен сұранысқа ие екенін көрсетеді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі бастығының аға инспекторы Индира Жүсіпова.

Оның айтуынша, қорғау нұсқамасы құқық бұзушыға жәбірленушінің келісімінсіз онымен кез келген байланысқа шығуға тыйым салады. Бұл телефон арқылы хабарласу, хабарлама жіберу, жеке кездесу және өзге де байланыс тәсілдерінің барлығына қатысты.

Сонымен қатар, полиция өкілі қорғау нұсқамасы ерлі-зайыптылардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салмайтынын түсіндірді. Егер олар тұрмыстық мәселелер бойынша жанжалсыз сөйлесіп, қалыпты қарым-қатынасты сақтаса, бұл заң талаптарын бұзу болып саналмайды.

– Алайда, құқық бұзушы жәбірленушіні қорлап, балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсетсе, жанжал шығарып немесе мүлкін бүлдірсе, мысалы, ыдыс-аяқты сындырса, бұл қорғау нұсқамасын бұзу болып есептеледі. Мұндай жағдайда ол бірден жауапкершілікке тартылады, – деді аға инспектор.

Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін заңнамада айыппұл қарастырылмаған. Оның орнына әкімшілік қамау қолданылады. Алғашқы рет бұзғандарға – 10 тәулікке дейін, қайталап бұзғандарға – 20 тәулікке дейін, ал бір жыл ішінде бірнеше мәрте бұзған жағдайда 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалады.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе сталкинг фактілері туралы 102 нөміріне, сондай-ақ 111 және 150 сенім телефондарына хабарласуға болады.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында төрт адам өлтіру фактісі тіркелді. Қылмыстардың бірі бұрын профилактикалық есепте тұрмаған және ешқашан полицияға жүгінбеген отбасында орын алды. Алкогольдік масаң күйдегі ұлы тұрмыстық жанжал кезінде өз анасын өлтірген. Тағы бір жағдайда бірге ішімдік ішкен екі ағайындының арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды.