Экология министрі: Павлодардың экологиялық ахуалы күрделі

Экология министрі: Павлодардың экологиялық ахуалы күрделі
Фото: Константин Шелков

Министр екі индустриялдық қаланың деңгейін салыстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР экология  және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Екібастұз қаласына барған жұмыс сапары кезінде облыстың экологиялық жағдай мәселесін көтерді. 

– Павлодар облысының экологиялық ахуалы күрделі деңгейде. Алайда басқа өндірістік зауыттары бар қалаларға қарағанда жоғары деңгейде. Бірақ жоғары дегенім жақсы дегенді білдірмейді.  Мәселен, Павлодардың экологиясы Теміртау қаласының экологиясына қарағанда неғұрлым жақсырақ , –  дейді экология министрі Зүлфия Сүлейменова.

Оның сөзінше, бүгінде  облыста экологияның күрделі деңгейі сақталуда. Экология министрі табиғатқа залал келтіретін кәсіпорын, зауыттарға шара қолдану керектігін айтты.

– Экологиялық жағдайды оңалту бағытында біршама жұмыстар жасау керек. Ахуалды реттеу барысында бірқатар кәсіпорындармен шығаратын қалдықтарды азайту бойынша келіссөз жүргізу қажет. Бұл мәселені министрлікте қарастыратын  боламыз, – дейді Зүлфия Сүлейменова.

Айта кету керек, Теміртау қаласы былтырғы жылдың сараптамасы бойынша ең ластанған қала атанды. Теміртаудағы кәсіпорындардың табиғатқа зиян келтіретін қалдықтары 231 мың тоннаны құрады. Бірақ ластанған қалалардың тізімінде Павлодар облысы жоқ.