Ақсуда жастар экологиялық бастамаларға белсенді атсалысып жүр

Ақсуда жастар экологиялық бастамаларға белсенді атсалысып жүр
Фото: Арина Краскова

Белсенділер өздері таңдаған аумақты тазалап, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті іс жүзінде көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласында «Жасыл ел» облыстық штабы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Jasyl Vibe» шарасын ұйымдастырды. Сенбілікке қатысушылар тазалық жұмыстарын жағалау мен оған іргелес орманды алқапта жүргізді.

Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының командирі Арина Краскованың айтуынша, бастамаға қатысқан жастар тазаланатын аумақты өздері таңдаған.

– Шараның негізгі мақсаты – қала аумағын тұрмыстық қоқыстан тазарту, сондай-ақ тұрғындар мен жастардың экологиялық жауапкершілікке деген көзқарасын қалыптастыру. Сенбілікке 30-дан астам адам – колледждер мен мектеп оқушылары, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары қатысты. Жұмыс барысында 30-дан астам қап қоқыс жиналды, – деді Арина Краскова.

Қатысушылардың айтуынша, тазалық жұмыстары барысында қоқыс аз кездеспеген. Көбіне шыны бөтелкелер, пластикалық қаптамалар және өзге де тұрмыстық қалдықтар жиналды.

Жастар үшін сенбілік өздері уақыт өткізетін орынды өз қолдарымен таза әрі жайлы етуге мүмкіндік берді.

– Тазалық әрқайсымыздан басталады. Бұл өзіміз тұратын жерге деген көзқарасымыздан, шет қалмай, қоршаған ортаны жақсартуға үлес қоса білуден көрінеді, – деді белсенділер.

Павлодар жастарының экологиялық белсенділігі сенбіліктермен ғана шектелмейді. Өңірде табиғи ресурстарды ғана емес, күнделікті қолданыстағы заттарды да ұқыпты әрі тиімді пайдалануға бағытталған экологиялық мәдениетті қалыптастыруға көңіл бөлініп келеді.

Осындай жобалардың бірі – кітаптар мен өсімдіктерге екінші өмір сыйлайтын дармарка. Оның қатысушылары өз кітаптары мен өсімдіктерін әкеліп, басқа заттарға айырбастай алады. Павлодарлықтар арасында әсіресе кітап алмасу ерекше танымал.

Павлодарда «Таза Қазақстан» аясында «Eco Force» экологиялық патрульдері де іске қосылды. Олардың негізгі міндеті – қала тазалығын сақтауға көмектесу, экологиялық мәдениетті дамыту және тұрғындардың қоршаған ортаға жауапкершілігін арттыру. Бастама Павлодар қаласы әкімдігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.

Биыл тұрғындардың экологиялық жауапкершілігіне әлеуметтік эксперимент арқылы да назар аударылды. Оның қатысушылары біреудің артынан қоқыс тастап кеткен жағдайға қалай әрекет ететіндерін көрсетті. Нәтижесінде павлодарлықтардың басым бөлігі мұндай жағдайларға бейжай қарамайтыны және қоршаған ортаға ұқыпсыздық танытқан адамдарға назар аударуға дайын екені анықталды.

Әлеуметтік эксперимент өңірде жүзеге асырылып жатқан ауқымды экологиялық шаралар бағдарламасының бір бөлігі болды. Павлодар облысының қалалары мен аудандарында «ЭкоСеруен», «Taza Sana» экологиялық ойындары, Eco-серпін және Demalys Time квесттері, Eco Cinema Night экологиялық фильмдер көрсетілімі, «Таза аула» акциялары ұйымдастырылады. Сонымен қатар сапбордтардың көмегімен өзен жағалауларын тазалау, жануарлар мен құстарды қорғауға бағытталған жобалар да өткізіліп келеді.

Өңір тұрғындары «Өзіңнен баста» челленджіне де белсенді қатысып, табиғатқа ұқыпты қарау, қалдықтарды сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу туралы бейнероликтер жариялап жүр.

Ал павлодарлық экологтар экологиялық өмір салтын қарапайым әдеттерден бастауды ұсынады. Мәселен, полиэтилен пакеттерінен бас тарту, ауланы көгалдандыру, су мен электр энергиясын үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау және ескі заттарға екінші өмір сыйлау – қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың тиімді жолдары.

Мамандардың айтуынша, экологиялық өмір салтын ұстану үшін үлкен өзгерістер жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – пайдалы әдеттерді біртіндеп күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.