Павлодарда кітапханашы суреттердің жеке көрмесін назарға ұсынбақ

Бүгінде ол білгенімен балалармен бөлісуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
19 наурызда сағат 16:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде талантты суретші Тілеулес Абельдинова «Өмір өрнектері» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.
Тілеулес Абельдинова 1962 жылы Новосібір облысы, Қарасуық ауданы, Нижне-Баяновка ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын, 2006 жылы Павлодар мемлекеттік университетін (қазіргі Торайғыров университеті) «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдады.
Бала кезінен сурет өнеріне қызығушылық танытып, түрлі байқауларға белсене қатысты. Алматыдағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне түсу асыл арманы еді, алайда тағдыр жолы басқа арнаға бұрды.
Кітапхана саласында еңбек ете жүріп, көркемөнерді насихаттаумен айналысты. Торайғыров университетінің қабырғасында Павлодар облысының Суретшілер одағы мүшелерімен шығармашылық кездесулер ұйымдастырды.
Шығармашылық жолындағы маңызды әрі шешуші оқиғалардың бірі –Рыбинск қаласынан келген қылқалам шебері Александр Григорьев-Саврасовпен таныстығы болды. Сонымен қатар, «Умный рисунок. Думай и рисуй», «Все о цвете из рук в руки», «Как самому находить сюжеты», «Пленэр», «Портрет, стаффаж, фигура», «Радость творчества» сынды онлайн сурет курстарын тәмамдады.
2021 жылдың маусым-шілде айларында Саки және Симферополь қалаларында ұйымдастырылған «Мир останется прежним» көрмесіне қатысты. Кейін, сол жылдың қараша айында ұйымдастырылған Торайғыров университетінің қабырғасындағы шығармашылық көрмеде туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Қазіргі таңға дейін өскелең ұрпаққа сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп, «Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қорғау орталығының» шеберханасында бейнелеу өнері бойынша тәлім береді.