Павлодарда өлеңмен өрілген бояу вернисажы паш етіледі

Павлодарда өлеңмен өрілген бояу вернисажы паш етіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жергілікті суретші үздік туындыларын ұсынбақшы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

8 тамызда сағат 12:00-де С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлы ойшыл философы, ұлтымыздың рухани мақтанашы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Абай - мәңгілік поэзия» атты өлеңмен өрілген бояу вернисажы өтеді. Павлодарлық белгілі суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Тұрар Төлеевтің Абайдың портреттері бейнеленген туындылары көрмеге қойылады.

1958 жылы туған Тұрар Төлеев Май ауданының тумасы. Ол 1984-1988 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесіндегі суретші-безендіруші мамандығы бойынша оқуын бітірді. 1991 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі.Тұрар Төлеев шығармашылық жұмысын Павлодар көркемсурет студиясында бастаған. Екібастұз қаласында болған жеке көрмесінде көрнекті тарихи тұлғалардың портреттері қойылды. Олардың қатарында Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әлкей Марғұлан, Міржақып Дулатов, Қамар Қасымовтардың портреттері және туған өлкенің пейзаждары тақырыбындағы туындылары қойылды.

Іс-шараға Абайдың өлеңдерін оқитын жастар, әндерін орындайтын дәстүрлі әншілер қатысады.