Павлодарда кітапты жанына серік еткен оқырман әулеттер сынға түсті

Павлодарда кітапты жанына серік еткен оқырман әулеттер сынға түсті

«Оқуға құштар отбасы» байқауына қатысушылар павлодарлық авторлардың шығармаларын талдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. 

С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығында «Оқуға құштар отбасы» байқауы өтті. Байқау отбасылық оқуды қолдауға және жандандыруға, өскелең ұрпақтың оқу мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған. Ерекше байқау «Ұрпақтар диалогы» жобасы аясында өткізілді. 

- Бұл байқау кітап оқитын отбасыларды қолдауға әрі оларды көпшілікке үлгі етуге арналған. Осы арқылы біз кітапқа құштар жанұялардың қатарын арттырсақ дейміз, - дейді аталған байқауды ұйымдастырушы, кітапхана қызметкері Бақыт Боранбаева. 

Байқау нәтижесі бойынша  «Ең белсенді оқырман әулеті»  болып Абайдуллиндер, Омаровтар және Сыздықовтар отбасы танылды. Байқау талабы бойынша бұл отбасылар павлодарлық авторлар М.Әлімбаев және Л.Бевзтың шығармашылығы бойынша таныстылылымдар жасады. Әрбір отбасылық топ «Әдеби кейіпкердің дефилесі» тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетті және өзінің сүйікті кітабы туралы айтып берді. Көрермендер де түрлі әдеби ойындар мен тапсырмаларға белсенді қатысты.

«Оқуға құштар отбасы» байқауының жеңімпазы болып Омаровтар отбасы атанды. «Шебер актёр отбасы» номинациясы бойынша  Абайдуллиндер отбасы, ал «Позитивті отбасы» аталымы Сыздықовтар отбасына бұйырды.