Павлодарлық балалар бақытты отбасы бейнесін қағазға түсірді

Павлодарлық балалар бақытты отбасы бейнесін қағазға түсірді
ЖИ иллюстрациялық суреті

Жас суретшілер өз туындыларында отбасы құндылықтарын, ата-баба дәстүрін және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты бейнеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әр шаңырақтың өзіне тән салты, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнегесі бар. Осындай асыл құндылықтарды балалардың көзімен танытып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуді мақсат еткен байқауды Павлодар облысының Фин-угор этномәдени бірлестігі төрт жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Биылғы шығармашылық сайыстың тақырыбы – «Отбасылық дәстүрлер. Ұрпақтар сабақтастығы». Төрт жыл ішінде байқауға 5 пен 18 жас аралығындағы 1112 бала қатысқан. Ал биыл үш жас санаты бойынша 261 шығармашылық жұмыс қабылданған. Әр суреттен балалардың отбасына деген сүйіспеншілігі, үлкендерден алған тәлімі мен ұлттық мұраға деген құрметін аңғаруға болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты ерекшелігі – балалардың салған суреттері арқылы отбасында сақталған дәстүрлер мен тәрбиенің мәнін көрсетуінде. 

– Балалар отбасынан көрген дәстүрлерін суретке түсірді. Мұның барлығы ата-әжесінен, ата-анасынан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәрбие. Баланың болашағы да осы ұлттық құндылықтар мен тәрбиенің негізінде қалыптасады. Алдыңғы үш жылда бас жүлдені Павлодар, Баянауыл және Железин аудандарының талантты балалары иеленсе, биыл бұл марапат Ақтоғай ауданына бұйырды, – дейді Павлодар қаласындағы Фин-угор этномәдени орталығының төрайымы Ольга Николашина.

Байқауға қатысушылардың бірі – Ақтоғай ауданынан келген Аяжан Тоқанова. Ол көрермен назарына қазақ халқының маңызды салттарының бірі – тұсаукесер рәсімін бейнелейтін жұмысын ұсынған.

– Мен «Тұсаукесер» суретін салдым. Тұсаукесер – баланың ең алғашқы тойларының бірі. Сондықтан осы дәстүрді бейнелегім келді. Суретте баланың тұсауын кесіп жатқан сәті, ата-анасының жанында тұрған көрінісі бейнеленген. Бұл – баланың өмірдегі алғашқы қадамы, – дейді байқауға қатысушы Аяжан Тоқанова.

Айта кетейік, байқау жыл сайын жаңа тақырыппен толықтырылып, балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп келеді.

Фото: автор