Павлодар облысында дәрігерге қашықтықтан қаралуға сұраныс артуда
Жарты жыл ішінде медициналық көмектің 82 мыңнан астамы қашықтан көрсетілді. Ал электрондық анықтамалардың тоғыз түрі ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды дамып, тұрғындарға медициналық қызметті қолжетімді әрі ашық етуге бағытталған жаңа шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анар Омарованың айтуынша, цифрлық технологиялар қызмет сапасын арттырып, дәрігерлердің жұмысын оңтайландырады.
– Өңірдегі барлық мемлекеттік медициналық ұйымдар заманауи ақпараттық жүйелер арқылы жұмыс істейді. Бұл дәрігерлерге науқас туралы деректерді жедел алуға, құжаттаманы электронды түрде жүргізуге және қағаз айналымын азайта отырып, көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Мысалы, облыстық қан орталығы «InfoDonor» жүйесін қолданса, жедел жәрдем қызметі «KOMEK» платформасымен жұмыс істейді. Ал қалалық ауруханалардың бірі «Надежда» ақпараттық жүйесін пайдаланады. Мұндай шешімдер медициналық көмекті жеделдетіп, дерек алмасуды оңайлатып, қызмет сапасын жақсартуға ықпал етуде.
Қашықтан көрсетілетін қызмет көлемі жыл сайын артып келеді. Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыс тұрғындарына 784 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілсе, соның 82 мыңнан астамы онлайн форматта жүзеге асқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен бес мыңға жоғары.
Мұндай формат дәрігер кеңесін үйден шықпай алуға мүмкіндік береді. Әсіресе, созылмалы ауруы бар науқастарға, қарт адамдарға және шалғай елді мекен тұрғындарына тиімді. Сонымен қатар, қашықтан кеңес алу, сәулелік зерттеу нәтижелеріне қосымша қорытынды жасау сияқты мүмкіндіктер қарастырылған.
Цифрландырудың тағы бір маңызды бағыты – медициналық қызметтің ашықтығын арттыру. Қазіргі уақытта денсаулыққа қатысты тоғыз түрлі анықтама электронды форматта қолжетімді. Олардың ішінде медициналық тексеріс қорытындысы, жүргізуші куәлігіне қажетті анықтама, санаторийге жолдама құжаты, амбулаториялық жазбалардан үзінді және басқа да құжаттар бар.
– Негізгі мақсаттардың бірі – қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз ету. Пациенттің келісімімен электронды құжаттар тиісті мекемелерге автоматты түрде жолданады. Бұл азаматтарды қағаз жинау мен бірнеше орынға бару міндетінен босатады, – деді басқарма өкілі.
Жыл соңына дейін уақытша еңбекке жарамсыздық парағы мен тағы екі медициналық анықтаманы толықтай электронды форматқа көшіру жоспарланып отыр.