Павлодарда макулатура өңдейтін зауыт салынады

Павлодарда макулатура өңдейтін зауыт салынады
Фото: pixabay

Жаңа зауыт картон мен қағаз өнімдерін шығаратын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар арнайы экономикалық аймағының инвестициялық жобалар жөніндегі менеджері Жанат Омаровтың айтуынша, жобаның жалпы құны шамамен 15 миллиард теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақ аумағында пайдаланылған майларды қайта өңдеу, алюмосиликатты микросфералар өндіру, жоғары кернеулі оқшаулағыштар шығару, дезинфекциялық құралдар жасау және құрамында алтыны бар концентраттарды өңдеу бағытындағы кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.

– Болашағы үлкен жобалардың бірі – макулатураны қайта өңдеу. Жаңа зауыт картон мен қағаз өнімдерін шығаратын болады. Инфрақұрылымдық шектеулер жоқ. Техникалық және ауызсу қоры жеткілікті, – деді Жанат Омаров.

Оның сөзінше, бұл қағаз өңдеу кәсіпорындары мен құрамында алтыны бар концентраттарды өңдейтін гидрометаллургиялық комбинат секілді ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Арнайы экономикалық аймақты сумен қамтамасыз ету Солтүстік су арнасының жүйесіне қосылған желілер арқылы жүргізіледі. Су жеткізушіден сатып алынып, АЭА қатысушылары арасында таратылады. Резиденттер үшін судың бір текше метрінің құны 53 теңгені құрайды.

Жаңа өндірістерді іске қосу және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту арқылы Павлодар арнайы экономикалық аймағы өңірдегі инвестициялық тартымды өнеркәсіптік алаңдардың бірі ретінде дамуын жалғастыруда.

Еске сала кетейік, Павлодар арнайы экономикалық аймағы соңғы екі жыл қатарынан даму көрсеткіштері бойынша Қазақстандағы үздік үш арнайы экономикалық аймақтың қатарына кіріп келеді. 

Бүгінде арнайы экономикалық аймақ аумағында 39 кәсіпорын жұмыс істесе, оның ішінде 24 кәсіпорын өнім өндірсе, 15 кәсіпорын өндірістік нысандардың құрылысын жүргізуде. Жобалардың жалпы инвестициялық портфелі 555 миллиард теңгені құрайды.