Тереңкөл ауданы сүт өндіру мен құс саны бойынша облыста үздік үштікке енеді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданы тұрғындарымен кездесуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл – облыс әкімінің Тереңкөл ауданына екінші жұмыс сапары. Кездесуде аймақ басшысы ауданның экономикалық жағдайы туралы айтты.
– Тереңкөл ауданының экономикасы қарқынды дамуда. Аудан егін алқабы бойынша облыста екінші орынды алады. Биыл мал азығы алқабын 18,8 мың гектарға ұлғайтып, егістік алқабын 307 мың гектарға жеткізу көзделген, – деді Асайын Байханов.
Ауданда қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 11,8 мың тоннаны құрайтын 6 көкөніс қоймасы бар.
Соңғы үш жылда аудандағы суармалы егін алқабы 1,8 есеге өсіп, 11,7 мың гектарға жетті.
– Ауданда мал шаруашылығын дамытуда үлкен мүмкіндіктер бар. Аудан сүт пен құс басы бойынша облыста үздік үштікке кіреді, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыс әкімі Асайын Байхановтың Тереңкөл ауданы тұрғындарымен кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтуде.
Фото: Константин Шелков