Павлодарда мас күйде кеме басқарған үш адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Өңірде шомылу маусымы басталғалы судағы қауіпсіздікке бақылау күшейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті полиция және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп бүгінге дейін 1641 рейд өткізді. Нәтижесінде шомылу талаптарын, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзған және қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен 253 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Биыл бірінші шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді қадағалау құзыреті көлік министрлігінен төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Осыған байланысты Ертіс өзенінде тұрақты рейдтер ұйымдастырылып, кеме пайдалану талаптарын бұзған сегіз адамға әкімшілік шара қолданылды.

Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Тілекжан Ғалямовтың айтуынша, ең жиі кездесетін заң бұзушылықтардың бірі – құтқару кеудешесін кимеу және қайыққа рұқсат етілгеннен көп адам мінгізу.
– Бүгінгі рейдтер көрсеткендей, кеме жүргізушілері мен жолаушылар құтқару кеудешесін кимейді. Мысалы, төрт адамға арналған қайыққа сегіз адамға дейін мінгізетін жағдайлар кездеседі. Мұндайда жүзу құралының аударылып кету қаупі жоғары. Шомылу маусымы басталғалы осындай үш дерек тіркелді, – деді басқарма бастығы.
Түнгі рейдтер барысында үш азамат шағын көлемді кемені алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін қылмыстық кодекстің 358-бабының бірінші бөлігімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Аталған бап 50 тәулікке дейін қамауды, 200 айлық есептік көрсеткіші көлемінде айыппұл салуды немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды көздейді.

Подполковниктің сөзінше, әзірге шағын көлемді кемелердің қатысуымен төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Дегенмен желдің күшеюінен үрлемелі матрас пен сапбордтағы адамдарды жағалаудан алысқа алып кеткен бірнеше жағдай болған. Мұндай кезде құтқарушылар оларды қауіпсіз жерге жеткізген.
– Соңғы жылдары жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кеме иелері қауіпсіздік талаптарын бұрынғыдан жиірек сақтай бастады. Бұрын гидроциклдердің шомылу аймағына кіріп кету жағдайлары жиі кездесетін. Қазір мұндай оқиғалар азайды. Соған қарамастан жақында Алакөлде гидроцикл бұрандасынан әйел адамның ауыр жарақат алуы бақылауды күшейтуге негіз болды, – деді Тілекжан Ғалямов.
Рейдтердің бірінде тағы бір азамат алкогольдік масаң күйде ТЖД қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл бапта 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ та қарастырылған.

Облыстық ТЖД мәліметінше, шомылушыларға қатысты рейдтер бірінші қыркүйекке дейін жалғасады. Ал шағын көлемді кемелерге жүргізілетін бақылау өзенде мұз қатқанға дейін тоқтатылмайды.
– Шағын көлемді кемені басқарған кезде жүргізуші өзімен бірге кеме билеті мен оны басқару құқығын растайтын куәлікті алып жүруге міндетті. Сонымен қатар, техникалық қарап-тексеру барысында кеменің корпусының бүтіндігіне, қозғалтқыштан жанар-жағармайдың ақпауына және тіркеу нөмірінің тұмсық бөлігінің екі жағына дұрыс жазылуына назар аударылады, – деді басқарма басшысы.
Қазір Павлодар облысында 1630 шағын көлемді кеме тіркелген. Рейдтер барысында мемлекеттік тіркеуден өтпеген жүзу құралдарын пайдалану фактілері де анықталған.