Павлодар облыстық кітапханасында Ертіс-Баян ертегілер байқауы өтеді

Жобаға 5-11-сынып аралығындағы оқушылар қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық С.Торайғыров атындағы облыстық өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы, әмбебап ғылыми кітапханасының жұмыскері Марал Тәженованың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкеге деген қызығушылығын арттыру, оның тарихы мен табиғатын таныту, көрікті жерлерін шығармашылық арқылы насихаттау.
Балаларды ертегі жазуға тарту арқылы олардың бойында туған жерге, отбасына деген сүйіспеншілік, ұқыптылық пен жауапкершілікке баулу көзделіп отыр. Сонымен қатар, балалардың қиялын дамытуға, әдеби тілде еркін ой қорытып, өз ойларын көркем жеткізуіне жағдай жасалады.
– Бұл байқаудың өзгелерден ерекшелігі – тек қиял-ғажайыпқа сүйенбей, Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті мен табиғатына арналады. Яғни, жас қаламгерлер өздерінің туған жерінің тарихын, табиғи ерекшеліктерін, аңыздарын, ұлттық болмысын ертегінің желісіне қоса білуі керек, – деді Марал Тәженова.
Қазылар алқасы шығармаларды екі негізгі талап бойынша бағалайды: олар, авторлық қиял мен өзіндік ойлау қабілеті – баланың қиялының ерекшелігі, шығармашылық идеясы басты назарға алынады, және де өңірлік мәдениет пен рухани ерекшелікті көрсету – әрбір шығарма туған жердің тарихымен, табиғатымен, аңыздарымен байланыста болуы шарт.
– Бұл байқауда дәстүрлі мағынадағы бірінші немесе екінші орын болмайды. Керісінше, ең үздік шығармалар арнайы «Ертіс-Баян ертегілері» атты жинаққа енгізіледі. Балалардың еңбегінің басылымға енуі – олардың шығармашылығын қолдаудың ең үлкен сыйы болмақ, – деді Марал Тәженова.
Жинақ алдымен электрондық нұсқада жарық көреді. Егер демеушілер табылса, кітап түрінде басылып шығып, көпшілікке таратылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл балалар үшін үлкен мотивация көзіне айналады. Айта кетейік байқауға, 5-11-сынып арасындағы облыс балалары қатыса алады.
Байқауға қатысу үшін жұмыстар 14 қазанға дейін қабылданады, қосымша сұрақтар алу үшін 8 700 686 31 99 телефоны арқылы байланыса аласыздар.