Павлодарда мектеп формасын өндірушілерді қолдау жолдары талқыланды

Павлодарда мектеп формасын өндірушілерді қолдау жолдары талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өндірушілерге қолдау көрсету үшін білім министрлігінің шешімі қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында адами капиталды және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі екі салалық кеңестің бірлескен отырысы өтіп, жергілікті мектеп формасын өндірушілерді қолдау тетіктері қарастырылды.

Кездесуді «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жомарт Сембаев жүргізіп, ҚР Президентінің 2022 жылғы Жолдауында айтылғандай, мектеп формасының қолжетімді болуы және оны отандық өндірушілерден сатып алу – жеңіл өнеркәсіпті дамытудың маңызды құралы екенін атап өтті.

– Мемлекет мектеп формасына арналған тапсырысты отандық өндірушілерге бағыттауы тиіс. Бұл салада цифрлық сатып алу арқылы жұмыс орындары ашылып, салық түсімі артады. Және де бұл отандық өнім сапасының артуына әкеледі, – деді Жомарт Сембаев.

Ол сондай-ақ 2019–2021 жылдары Астанада іске асырылған «Жалпыға бірдей оқыту» бағдарламасының табысты тәжірибесіне тоқталып, оның отандық кәсіпорындарға оң әсер еткенін еске салды. Аталған кезеңде мектеп формасын шығаратын компаниялардың саны үш жылда 9-дан 18-ге дейін өскен.

Кәсіпкер Майра Жарқымбаева мемлекеттік тапсырыстың тоқтауы жергілікті өндірушілердің дамуына кедергі келтіргенін айтты.

– Біз киімді тек тікпей, тоқимыз да. Ондай өндіріс елімізде санаулы ғана. Бұрын біз мектептерді жеке-жеке киіндіріп, сапалы әрі қолжетімді формалар ұсынатынбыз. Бірақ соңғы үш-төрт жылда мұндай механизм жұмысын тоқтатты, – деді ол.

Білім басқармасы атынан қатысқан Әлия Әубәкірова да павлодарлық өндірушілерге қолдау көрсетуге қарсы емес екенін айтты, бірақ бұл үшін Білім министрлігінің шешімі қажет екенін жеткізді.

Қазіргі таңда киімге арналған көмек монетизация арқылы жүзеге асады: әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға қаржы беріледі, ал киімді ата-аналар өздері таңдап сатып алады.

«Атамекен» ҰКП осы жүйені қайта қарастырып, бұрынғыдай өндірушілермен тікелей жұмыс істейтін модельді қайта енгізуді ұсынып отыр. Бұл бастама жақындап қалған мектеп формасын сатып алу маусымы қарсаңында өзекті бола түспек.