Мүмкіндіктер қаласы: Павлодарлық журналистер Астанаға көшкеніне өкіне ме?

Мүмкіндіктер қаласы: Павлодарлық журналистер Астанаға көшкеніне өкіне ме?

Қазақстандықтар 6 шілдеде Астана күнін тойлайды. 

Осы орайда @Pavlodarnews.kz тілшісі бүгінде Елордада   тұрып жатқан Павлодар облысынан шыққан журналистермен сұхбаттасты.

Журналистика саласында 13 жылдай еңбек етіп жүрген Ақтоғай ауданының тумасы Фархат Әміренов қазір Астана қаласында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Павлодар облыстық «Saryarqa samaly»газетінде тыңбай жеті жыл жұмыс атқарып, жаңа кезеңге көшу керек деген ой пайда болады.

 Жыл сайын атқаратын жұмысым қайталана бергендіктен, өміріме өзгеріс керек деп шештім. Сөйтіп, бір-ақ күнде жиналып, Астанаға ауыстым, – дейді Фархат Әміренов. 

Басында ол Atameken бизнес порталында экономикалық тақырыптар бойынша шолушы ретінде жұмыс істейді, бірақ арада екі жыл өткеннен кейін себептерімен қайтадан Павлодарға оралды. 

–  Астанадан кетерімде өз-өзіме бір жылдан кейін ораламын деп серт берген едім, – дейді ол. 

Осылайша Фархат Әміренов Астананың ерекше энергетикасына қызығып, бір жылдан кейін сертін орындап, «Egemen Qazaqstan» газетіне тілші болып орналасады.

–  Бәзбіреулер байқамауы мүмкін, бірақ бұл шаһар адамға ерекше энергия сыйлап тұрады. Астана – мүмкіндіктер қаласы. Адам бойында бұғып жатқан қасиеттерді ашып, жаңа қырынан танылуға септігін тигізеді. Дамуға жол ашатын шаһар. Өйткені мұнда бәсекелестік жоғары. Тиісінше, өзіңді дамытып отырмасаң, бұл ортаға сіңісе алмайсың, – дейді Фархат Әміренов.

Алайда ол бұл әсем қаланың өзінің кемшіліктері де жоқ емес екенін айтады және өзінің туып өскен жерін аңсап тұратынын жасырмайды.

–  Павлодар мен үшін жұмақ мекен, ал Астана – тұрақ мекен. Елордаға сіңісіп кеттік десек те, Павлодарды аңсап тұрамыз. Сондықтан сағынышымызды басу үшін жиі келіп тұруға тырысамыз, – дейді журналист.

Мерекеге орай Фархат Әміренов Астана қаласына ғашық болудың үш себебін атап өтті.

–  Біріншіден, Астана – мүмкіндіктер қаласы. Екіншіден, жастарға, жас отбасыларға жайлы мекен. Үшінші себеп – бәсекелестік орта дамыған шаһар, – дейді Фархат  Әміренов.

Павлодар облысының тағы бір тумасы, журналистика саласында 18 жыл еңбек етіп жүрген тәжірибелі тілші Рымгүл Божақанова «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ баспасөз қызметінде еңбек етеді. Астанаға үш жыл бұрын маңызды себеппен көшкенін айтады. 

–  Ең алдымен Астанаға көшіп келуіміздің себебі – балаларымыз Отанымыздың бас қаласында білім алып, өсіп-өркендеп келе жатқан ортада өскендерін қаладық. Өзіміздің де маман ретінде одан әрі дамып, тұлға ретінде өсуімізге жол бастайтын ортаға көшіп, осылайша еліміздің даму жолында өз септігімізді тигізу еді, – дейді Рымгүл Божақанова.

Оның айтуынша, Астана – зор мүмкіндіктерге есік ашатын, қозғалыс пен дамудың, жаңа серпіліс пен өркендеуге жол бастайтын мекен.

–  Өз салам бойынша өтетін түрлі халықаралық, республикалық семинар, форумдарға қатысып, ол жерде небір майталман мамандардың дәрістерін тыңдап, тәжірибе алмасасың, – дейді ол.

Рымгүл Божақанова Елордада қазақи орта қалыптасып келе жатқандығы қуантатынын айтады.

–  Елордамыздың тұрғыны болғанымызға өте қуаныштымын. Қай жерде болмасын өз тілінде еркін ойын жеткізетін, қазақы тәрбиесімен сыпайы жастарды көргенде ерекше көңілге жағады, – дейді ол.

Астанаға көшкен павлодарлық журналистердің қатарында қаламы қарымды тілшілердің бірі – Әсел Мұхатова бар. Ол журналистика саласында 25 жыл  жұмыс атқарып келеді. Әсел 15 жыл бойы облыстық Халық радиосында, бес жыл Ертіс телеарнасында еңбек еткен. Астана қаласына төрт жыл бұрын отбасылық жағдаймен қоныс аударған. 

–  Бірден шешім қабылдадым, көп ойлаған жоқпын. Содан бері көшіп келгеніме бірде-бір өкініш болған жоқ. Өңірлік аймақтық БАҚ пен республикалық БАҚ-тың жер мен көктей айырмашылығы бар, себебі мұнда мүмкіндіктер көп.  Елордаға келгелі өзіме көп тәжірибе жинақтадым, – дейді Әсел Мұхатова. – Астананың атына емес затына ғашық болдым. БАҚ-тың қай саласында болсын өзіңді дамытамын десең, түрлі байқаулар болады, жасқа ешқандай шектеу жоқ.

Журналист пандемия кесірінен жұмысқа бірден кіре қоймаған. Соған қарамастан халықаралық «Түркістан» газетінде, төрт жылдай ішкі істер министрлігінің медиа саласында аға-тілші, шеф-редактор болып қызмет істеген. 

–  Бір орында көп отыра берудің өзі алға жылжуға, өсуге кедергі тудырады, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін отыру қызықсыз болып кетті мен үшін, – деп мойындайды Әсел Мұхатова.

Қазір ол демалыс алып, жеке шығармашылығын дамыту мақсатында жоспарлар құрып жатыр. 

Бүгінде Астана тұрғындарына айналған әріптестеріміз  жерлестерін Астана күнімен құттықтап, бақ-береке, амандық тілейді.