Павлодарда музей саласы бойынша креативті жобалар жүзеге асырылмақ
Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі аймақтағы онға жуық іргелі мекемемен креативті индустрияны дамыту саласында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, олардың қатарында Павлодар қаласындағы үш жоғарғы оқу орны, «Ертіс орманы» резерваты, ғылыми-зерттеу орталықтары, жастардың креативті орталығы сияқты басқа да мекемелер бар.
– Іс-шара Халықаралық музейлер күні аясында өтті. Меморандумға сай, бұдан былай жоғарыда аталған мекемелер тарихи мұраларды жаңғырту, насихаттау бағытындағы жұмыстарға күш жұмылдырып, түрлі креативті жобаларды жүзеге асыруды қолға алмақ. Негізгі мақсаттардың бірі — облысымызда мәдени, тарихи туризмді дамыту, – дейді басқармада.
Шараға Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан қатысып, музей саласында табысты жұмыс атқарған мамандарды марапаттады.