Асайын Байханов өңір жұртшылығын Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтады.
– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы мерекеде тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білген, антына адал, сертіне берік азаматтарға зор құрметімді білдіргім келеді. 9 мамыр –Жеңіс күні қарсаңында Отан қорғаушылар күнін мерекелеу – еліміз үшін үлкен мәртебе. Өйткені Отанға адал қызмет ету, әрқашан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін халқымыздың маңызды құндылығы болып қала береді. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Көк туымыз желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді өңір басшысы.
30 жастағы Жасұлан Амангелді ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінде капитан әскери шенінде қызмет істейді.
– Бұл – менің бала кезімнен армандаған мамандығым. Өзімнің нағашы атама еліктеп өстім. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері, Панфилов дивизиясында барлаушы-мерген лауазымында болған. Кішкентай кезімнен ата-бабаларымызды көріп өстік, солардың арқасында капитан болып қызмет атқарамын. 2012 жылы Ресейде оқуымды тәмамдап, шекара қызметінің қатарында қызмет атқарамын. Отан қорғаушы бірінші кезекте еліне, жеріне адал, патриоттық сезімі күшті болу керек, Б.Момышұлы айтқандай: «Отан үшін отқа түссең, күймейсің» деген ұғым болуы тиіс, – дейді Жасұлан Амангелді.
Облыс әкімі мерекелік іс-шара басында қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, жоғары кәсіби біліктілігі, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан қомақты үлесі үшін облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Шыңғыс Адалболов, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің сот приставы Орынбек Балтабаев, облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің басшысы Бақыт Мұстафина және басқа азаматтарды Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара барысында Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының әртістері мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актерлері, оқушылар сарайының «Тұмар» вокалдық ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдызы, әнші Қуандық Рақым павлодарлықтарды құттықтап, ән шырқады.
Мақсат Көлтайұлы
Фото: Есенжол Исабек