Сағыздың жасырын әсері: Павлодарлық стоматолог маңызды кеңес берді
Сағыз шынымен тісті қорғай ма, әлде керісінше зиян келтіре ме? Бұл туралы стоматолог дәрігер Елжас Сайлаубай айтып берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Стоматолог мамандығы – медицина саласындағы ең маңызды әрі жауапты мамандықтардың бірі. Себебі тіс пен ауыз қуысының саулығы адам денсаулығына тікелей әсер етеді. Ауыз қуысындағы кез келген ауру уақыт өте келе басқа да денсаулық мәселелеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан стоматологтар тек тісті емдеп қана қоймай, аурулардың алдын алып, адамдардың әдемі әрі сенімді күлкісін сақтауға көмектеседі.
Павлодарлық стоматолог дәрігер Елжас Сайлаубайдың айтуынша, көптеген адамдар стоматологқа тек тісі ауырғанда ғана келеді. Алайда бұл дұрыс емес.
– Көп жағдайда пациенттер стоматологияға кеш келеді. Сол кезде тісті сақтап қалу қиын болып жатады. Сондықтан адамдар жылына кемінде екі рет профилактикалық тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс, – дейді маман.
Ауыз қуысында жиі кездесетін аурулардың бірі – кариес. Бұл тістің қатты тіндерінің бұзылуынан пайда болатын ауру. Егер кариес уақытында емделмесе, ол асқынып, пульпит және периодонтит сияқты күрделі ауруларға әкелуі мүмкін. Пульпит кезінде тістің жүйкесі қабынады, ал периодонтит тіс түбірінің айналасындағы тіндердің қабынуымен сипатталады.
Сонымен қатар қызыл иек аурулары да жиі кездеседі. Оларға гингивит, пародонтит және тіс тастарының жиналуы жатады. Бұл аурулар көбіне ауыз қуысының гигиенасы дұрыс сақталмаған кезде пайда болады.
Стоматолог Елжас Сайлаубай ауыз қуысының тазалығы – тіс саулығының негізгі кепілі екенін айтады.
– Ең бастысы – дұрыс гигиена. Тісті күніне кемінде екі рет тазалау қажет. Таңертең және кешке тіс тазалау – тіс ауруларының алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді жолы, – дейді дәрігер. – Түнде сілекей бөлінуі азайып, ауыз қуысында бактериялар жиналады. Сондықтан таңертең сол бактерияларды тазалап тастаған дұрыс. Ал тамақтанғаннан кейін ауызды сумен шайып отырған пайдалы, – дейді ол.
Кейбір адамдар сағыз шайнаудың пайдасы мен зияны туралы жиі сұрайды. Бұл жөнінде стоматологтың өз пікірі бар.
– Сағызды дұрыс мөлшерде шайнау пайдалы. Тамақтанғаннан кейін 5-10 минут сағыз шайнау сілекей бөлінуін арттырып, ауыз қуысын тазартуға көмектеседі. Бірақ сағызды ұзақ уақыт және жиі шайнау жақ буындарына салмақ түсіріп, бұлшықеттердің шаршауына әкелуі мүмкін, – дейді Елжас Сайлаубай.
Тіс күтімінде дұрыс құралдарды қолдану да өте маңызды. Стоматологтар көбінесе орташа жұмсақтықтағы тіс щеткаларын ұсынады. Дәрігердің айтуынша, өте қатты щеткалар қызыл иекті зақымдауы мүмкін. Ал тым жұмсақ щеткалар тісті толық тазалай алмайды. Сондықтан орташа жұмсақтықтағы щеткалар ең қолайлы.
Сонымен қатар тіс жібін (флосс) немесе ирригаторды қолдану да маңызды. Өйткені тіс щеткасы жете алмайтын жерлерде тамақ қалдықтары жиналып қалуы мүмкін.
Балалардың тіс күтімі де ерекше назарды талап етеді. Баланың алғашқы тістері шыққаннан бастап оның ауыз қуысының тазалығына көңіл бөлу қажет.
Стоматолог Елжас Сайлаубайдың айтуынша, кейбір ата-аналар балалардың тісіне жеткілікті көңіл бөлмейді.
– Көп ата-ана сүт тістері бәрібір түсіп қалады деп ойлайды. Бірақ бұл қате пікір. Сүт тістері баланың тұрақты тістерінің дұрыс шығуына және дұрыс тістесуіне үлкен әсер етеді, – дейді маман.
Балалардың тістерін де күніне кемінде екі рет тазалау қажет. Оларға арнайы балаларға арналған жұмсақ щеткалар мен тіс пасталарын қолданған жөн. Бастапқы кезде ата-аналар балаларға тісті дұрыс тазалау әдісін үйретіп, оны бақылап отырғаны маңызды.
Тіс саулығына дұрыс тамақтану да үлкен әсер етеді. Кальций мен фторға бай тағамдар тістерді нығайтуға көмектеседі. Мысалы, сүт өнімдері, ірімшік, балық, жаңғақтар, көкөністер мен жемістер.
– Әсіресе алма, алмұрт және сәбіз сияқты қатты жемістер тіс пен қызыл иекке пайдалы. Олар тек витаминдерге ғана бай емес, сонымен қатар тістерді табиғи түрде тазалауға көмектеседі, – дейді стоматолог.
Ал қант мөлшері көп тәттілер, жабысқақ кәмпиттер және газдалған сусындар тіс үшін зиянды болып саналады. Қант мөлшері көп тағамдар ауыз қуысындағы бактериялардың көбеюіне әсер етеді. Соның салдарынан кариес пайда болу қаупі жоғарылайды.
Соңғы жылдары тісті ағарту процедурасы да кеңінен таралған. Алайда бұл процедураны маманның бақылауымен жасау керек.
– Егер тіс ағарту стоматологияда, дәрігердің бақылауымен жасалса, ол қауіпсіз. Ал үй жағдайында белгісіз құралдармен ағарту эмальға зиян тигізуі мүмкін, – дейді маман.
Стоматологтың айтуынша, ауыздан жағымсыз иіс шығу мәселесі де жиі кездеседі. Бұл көбіне ауыз қуысының гигиенасы дұрыс болмаған кезде немесе қызыл иек аурулары пайда болғанда байқалады. Егер ауыз қуысы толық емделгеннен кейін де жағымсыз иіс кетпесе, онда мәселе асқазан-ішек жолдарының ауруларымен байланысты болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта стоматология саласы қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялардың енгізілуі тіс ауруларын емдеуді жеңілдетіп, сапасын арттыруда. Бүгінде көптеген клиникаларда цифрлық рентген диагностикасы, лазерлік емдеу, имплантация сияқты заманауи әдістер қолданылуда. Сонымен қатар стоматологиялық лабораторияларда 3D цифрлық жүйелер арқылы тіс протездері жоғары дәлдікпен жасалуда.
Сөз соңында стоматолог Елжас Сайлаубай тіс саулығын сақтау үшін қарапайым ережелерді ұстану керектігін айтты. Ең бастысы – ауыз қуысының гигиенасын сақтау. Тісті күніне екі рет тазалау, дұрыс тамақтану және стоматологқа тұрақты түрде тексеріліп тұру тістердің ұзақ уақыт бойы сау болуына көмектеседі.