Павлодарда медбикелерге алғыс айтылды

Павлодарда медбикелерге алғыс айтылды
Фото: Павлодар қалалық бірінші аурухана баспасөз қызметі

Рысжамал Ильязова өмірінің 30 жылын медицина мен науқастарға күтім жасауға арнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының бірінші қалалық ауруханасының урология бөлімінің бас медбикесі Рысжамал Төкенқызы еңбек жолын 1994 жылы медициналық училищені тәмамдағаннан кейін Павлодар қалалық бірінші ауруханасының урология бөлімінде палата медбикесі болып бастады. Жас маман кезінен-ақ ол жауапкершілігімен, тәртіптілігімен және науқастарға деген жанашырлығымен ерекшеленді.

Бүгінде Рысжамал Ильязова урология бөлімінің аға медбикесі қызметін атқарып келеді. Оның жетекшілігімен бөлімде 28 медицина қызметкері еңбек етеді. Ол жас мамандарды оқытуға, медициналық көмектің сапасын бақылауға және ұжымдағы кәсіби тәртіпті сақтауға ерекше көңіл бөледі.

Урология бөлімінің меңгерушісі Юрий Пашенцев Рысжамал Төкенқызының кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтті.

— Рысжамал Төкенқызы — жауапкершілігі жоғары, тәртіпке берік әрі адамгершілігі мол маман. Оның арқасында бөлімде кадр тұрақтылығы сақталған. Күн сайын медицина қызметкерлеріне бақылау жүргізіліп, жас мамандарға тәлімгерлік көрсетіледі, — деді бөлім меңгерушісі.

Рысжамал Ильязова кәсіби дамуға әрдайым ерекше мән береді. 2022 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды.

— Бала кезімнен медицина саласында жұмыс істеуді армандадым. Дәрігерлердің ақ халат киіп, адамдарға көмек көрсеткені маған қатты ұнайтын. Қазір де өз мамандығымды жақсы көремін және үнемі жаңа білім алып, тәжірибемді жетілдіруге тырысамын, — дейді Рысжамал Төкенқызы.

Әріптестері оның еңбекқорлығы мен кәсібіне адалдығы жас медицина қызметкерлеріне үлгі екенін айтады.