Май ауданындағы мүгедек ауыл тұрғынына қалай көмектесуге болады
Ер адамға биыл екі рет ота жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданындағы бірінші топтағы мүгедектің оқиғасын әлеуметтік желі қолданушылары бірнеше күннен бері талқылап жатыр.
Жазба авторы ауыл тұрғынының көзі көрмейтінін, аяғы жоқ екенін, жөргек пен мүгедек арбасын қажет ететінін айтты. Бірақ оларды рәсімдеу үшін ер адамға үш ай бойы жәрдемақысыз қалу ұсынылды.
Қарт зағип әкені ұзақ жылдар бойы баласы бағып-қағып, өзі де оның жеке көмекшісі болып отыр. Зейнеткердің аяғы биыл кесіп алынған, қазір оңалту, медициналық күтім мен көмек қажет.
Жазба авторының айтуынша, осыған байланысты қиындықтар туындаған. Жеке оңалту жоспарын түзету үшін қайта куәландыру қажет, бұл мүгедектік бойынша жәрдемақы мен жеке көмекшінің жалақысын төлемеуге әкеп соғады.
Май аудандық ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Алшынбек Ахтанов науқастың емдеу мекемесіне тіркелгенін растады.
Баскөл ауылының 81 жастағы тұрғынына «төменгі аяқ тамырларының тығындалушы атеросклерозы» диагнозымен биыл екі рет ота жасалды. Біріншісі 6 маусым күні, екіншісі бір айдан кейін өтті.
– 25 шілде күні науқас дәрігерге жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу, мүгедектер арбасын және жеке гигиена құралдары – жөргекпен қамтамасыз ету бойынша жүгінді, – деді Алшынбек Ахтанов. – Аудандық аурухана қызметкері травматолог-ортопедке кеңес алу үшін жолдама берді. Сонымен қатар, науқас Павлодар қаласында невропатолог, офтальмолог және қан тамырлары хирургында есепте тұрған.
Дәрігердің айтуынша, аудандық аурухана жедел жәрдем көлігі мен жолсерікпен қамтамасыз етеді.
– Науқас жөргек пен арба алу үшін жәрдемақысыз қалады дегенге келсек, бұл дұрыс емес, – деп түсіндірді Алшынбек Ахтанов. – Мамандардан өтіп, оңалтудың жеке бағдарламасын жасағанда науқас жеке көмекшісін және мүгедектік тобын жоғалтпайды. Бұл жәрдемақысын уақытында алады деген сөз.
Үйде консультациялардан кейін науқастан клиникалық талдаулар алынады. Келесі кезең медициналық-әлеуметтік сараптама жөніндегі комиссияның жұмысы болады, ол ауданға келіп, оңалту бағдарламасына түзетулер енгізеді.
– Науқаспен, оның ұлы мен әйелімен белгілі бір түсіністік бар, – деп сендірді сұхбаттас. Олардың қалаға барып кеңес алу қажеттілігіне қарсылығы жоқ.
Аудандық аурухана қарттың көмексіз қалмайтынын қадап айтты.