Павлодарда наурыз айын бейнелейтін жолтерек таныстырылды

Өңірімізде алғаш рет аңыздан шынайы өмірге айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» өңірлік Қоғамдық Келісімнің ұйымдастыруымен «Қош келдің, наурыз жыл басы» атты шара өтіп, наурыз мерекесінің басы болған Көрісу күні тойланды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова және 24 этно орталық бірлестіктері, Ассамблея жастары, аналар кеңесі, ақсақалдар алқасы қатысты.
– Шарада онкүндік «Наурызнама» да тойланатын мерекелер мен оның мағынасын түсіндіріу мақсатында көптің басын қосып отырмыз, – деді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Оның сөзінше, 25 жылдан бері наурызды зерттеп келген астаналық мәдениеттанушы Серік Ерғалиды қонаққа шақырып аты аңызға айналып, ұмыт болып бара жатқан жолтеректі жерлестеріміздің көзайымына шығарып отыр.
– Жолтерек – мифологиялық мазмұн. Бәйтерекке ұқсайды. Аңыз бойынша бәйтерек – кеңістік символы, Айдаһар уақыт нышаны, жыл сайын самұрық жұмыртқасының желінуі – жыл алмасу үдерісін білдіреді. Ал самұрық өмірді білдіреді, – дейді Серік Ерғали.
Қоғам қайраткерінің пікірінше, жолтерек – ежелгі прототүркілік сенім бойынша дүние жерасты, жер беті және аспан секілді үш қабаттан тұратын әлемдерден құралған десе бұларды байланыстыратын бәйтерек немесе йол – жолтерек.
– Жолтеректің басына көк күмбезі ретінде көгілдір шаңырақ орнатылған, күмбездің астын ала әшекей баулар бекітілетін шығыры бар, өне бойына жеті түсті таспа орнатылған, – деп түсіндірді көсемсөзші.
Наурыз зерттеушінің айтуынша, басты мерекелерде осы жолтерек арқылы түркілер тілегін, арман-аңсарын көкке жөнелткен. Шараға келген қонақтар әр ұлттың жайған дастархандарынан ауыз тиіп тарасты.