Павлодардағы қазақ театры халықаралық фестивальде қос жүлдеге қол жеткізді (ВИДЕО)
Облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалі Талдықорған қаласында өтті. Айтулы шараға 13 театр ұжымы қатысты. Ол қатарда Қазақстаннан бөлек, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан және Өзбекстанның театр ұжымдары бар.
- Қазылар құрамында елімізге және әлемге танымал театр сыншылары отырды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек төрелік еткен қазылар құрамында Әзербайжан мен Башқұртстаннан да өнер иелері болды. Біздің театр труппасы Азамат Нығманов сахналаған Шәкәрім Құдайбердіұлының “Ұждан” спектаклімен қатысты. Қойылым көрермен көзайымына айналып қана қоймай, қазылардың оң бағасына ие болды, - деді театрдың әдеби-драма бөлімінің меңгерушісі Нұркен Тұрлыбек.
Халықаралық фестивальдің бас жүлдесін Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры еншіледі. Олар Д.Жұмабаева режиссерлік еткен "Бернарда Альбанның үйі" қойылымын сахналап, 1 млн теңгені қанжығаласа, павлодарлықтар Б.Римова атындағы арнайы жүлдеге қол жеткізіп, 700 000 теңгеге ие болды. Сонымен қатар, жерлестеріміз Amanat партиясының арнайы жүлдесімен марапатталып, қоржынды қосымша 300 000 теңгемен майлады.
Бұдан бөлек, павлодарлықтар Жетісу облысы әкімінің Алғыс хатымен және “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram