Павлодарлық айтыскерге елімізде жоқ ерекше жаңа аспап табысталды
Бұл аспап екі түрлі дыбыс шығарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығы мен «JEBE» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақмола облысы Қосшы қаласы мәдениет үйіне қарасты Ұлттық аспаптар музейінің қорынан жеткізілген жәдігерлер көрмеге қойылды.
Екі күнге созылған көрменің соңында музей қызметкері, қолөнерші, музыкант Азамат Бақия павлодарлық айтыскер, ақын Бөкен Жігерге жаңа шығарылған, әзірге атауы қойылмаған аспапты табыс етті.
– Қазақта домбыра мен қобызда бірдей ойнай алатын адамды – телқоңыр деп атаған екен. Бұл аспап жалпы ғылыми негіздемеде жоқ. Бұл ақын айтыста екі аспаппен де өнер көрсеткен соң екі аспапты бір түптен жасап шығып, тарту еттік. Ертеңгі күні бұл аспабымыз үлкен додалар мен айтыстарда көрініп жатса, еңбегіміз ақталды деген сөз, – дейді Азамат Бақия.
Айта кету керек, бұл аспап жаңа шығарылған соң атауы әлі қойылмаған. Аталмыш аспапты жасап шығарған қолөнерші оны «телқоңыр» деп атауды жөн көрген.
Сонымен қатар, көрмеде елімізде жалғыз данасы ғана бар аспаптардың жиырма түрін көруге болады. Елімізде екі-ақ керней аспабы болса, оның екеуі де осы музейде сақталған.