Павлодарда оқушылар олимпиада деңгейіндегі сабақтарға қатысты
«Ғылыми десант» жобасы дарынды балалардың білімін шыңдауға бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Павлодар қаласындағы №35 жалпы орта білім беру мектебінде 7–8-сынып оқушыларына арналған «Ғылыми десант» атты шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.

Іс-шара аясында оқушылар география, физика, химия, биология, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті пәндері бойынша тәжірибелік әрі танымдық сабақтарға қатысты. Сабақтар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, ғылыми ойлау қабілетін дамытуға бағытталды.
Жоба дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсетуге, сондай-ақ білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Айгүл Жұмабекованың айтуынша, оқу орны өңірдің білім беру басқармасымен бірлесіп дарынды балаларды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, университет академиялық шеберлік орталығы ретінде дамып, жаңа бастамаларды қолға алуда.

Шараға қала мектептері мен дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарынан 200-ден астам оқушы қатысты. Сабақ кестесі «Ертіс дарыны» орталығымен бірлесіп әзірленіп, қатысушылар алдын ала іріктелді.
– Мен география пәнінен шеберлік сыныпқа қатыстым, – деп бөлісті №3 гимназияның оқушысы Ілияс Мағауия. – Біз олимпиадаларда кездесетін тапсырмаларға ұқсас есептерді талдадық. Қатемен жұмыс жасадық. Мұғалім сұрақтарымызға жауап берді, әсіресе сызба құрастыруға арналған тапсырмалар ерекше ұнады.
Алдағы уақытта жоба жалғасын тауып, ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жазғы білім беру лагері ұйымдастыру жоспарланып отыр.