Павлодарда өткен ІІІ республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауы мәресіне жетті
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 60-тан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты базасында ІІІ Республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» байқауы өтті. «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы шығармашыл жас өрендер додасын ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен үшінші рет республикалық деңгейде өтті.
- Жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында өткен «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» байқауының республикалық кезеңіне 12 облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 1 республикалық білім беру ұйымынан 63 үміткер қатысып, бақ сынады. Қатысушылар ережеге сәйкес 4 бағыт бойынша өз жұмыстарын қорғады, - делінген хабарламада.
Мұндағы I бағыт – «Алдыма өлең жаз деп қағаз келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» деп аталады. Қатысушы ұсынылған тақырыптың біріне өз шығармасын арнайды. II бағытта – «Бас болып өнер білсең, тіпті жақсы». Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының шығармаларындағы көркем ой, талғам мен түсінік, ұлттық танымның ерекшеліктерін, адамзат, ұлт руханиятындағы мәнімен сабақтастыра отырып, ғылыми зерттеу жобасын қорғау болса, ІІІ бағыт – «Білімді зерек адам болам!» - десең, Қара өзіңді басқаның айнасымен». Мұнда ұлы баба шығармаларындағы ойларды кеңейтіп, ұлт тарихымен, ұлттық әдебиет мазмұнымен байланыстырып, эссе жазу. Ал соңғы IV бағыт – «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары және «Ұлы даланың ұлы есімдері». Яғни ғұламаның фольклорлық жазбаларындағы ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттау.
Қазылар алқасының шешімі негізінде 33 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанды. Мұнда Бас жүлдені 4 оқушы еншілесе, І орынды да 4, ІІ орын - 9, ІІІ орын - 16 балаға бұйырды. Бұдан бөлек, арнайы номинацияларға 11 оқушы ие болды.
Шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен және облыс білім беру басқармасының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау қатысушыларына Павлодар қаласының көрнекті орындары Мәшһүр Жүсіп мешіті, Г. Потанин ат. тарихи-өлкетану мұражайына, «Ертіс» интерактивтік мұражайына, Ертіс өзенінің жағалауына саяхат ұйымдастырылды.